Астанадағы №2 ауруханада жаңа қабылдау-диагностикалық кешен іске қосылады

Елордада медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаңа жоба аяқталды.

№2 көп бейінді қалалық ауруханада қабылдау-диагностикалық кешен келесі аптадан бастап науқастарды қабылдайды. Жалпы аумағы 8 мың 906 шаршы метр болатын жаңа ғимаратта заманауи диагностикалық жабдықтар, операциялық блоктар, травматология бөлімі мен инсульт орталығы орналасқан. Мұнда науқасты алғашқы қабылдаудан бастап, диагноз қою мен емдеуге дейінгі үдеріс бір жерде ұйымдастырылады. Цифрлық технологиялар мен заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған орталықтың мүмкіндігі қандай?

Бұл №2 көп бейінді қалалық аурухананың жаңа қабылдау-диагностикалық корпусы. Ғимарат заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Әсіресе операция жасау бөлмелеріне орнатылған бірегей роботтандырылған құрылғылар күрделі сынықтар кезінде сүйектерді жасанды интеллекттің көмегімен құрастыруға мүмкіндік береді.

Нұрбол Тұрсынбаев, №2 көп бейінді қалалық аурухананың директоры:

- Тізе-буын және жамбас буындарының протез операциясы кезінде пайдаланатын робот, технологиялық ЖИ мен жасалған аппараттарымыз бар. Осының барлығы ел игілігі үшін, халықтың сапалы медициналық қызмет алуына үлкен үлесін тигізер деп ойлаймыз. Осының барлығы екінші қалалық көп бейінді аурухананың құрамында бар.

Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асты. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін аурухананың жалпы төсек-орын қоры 800-ден 1000-ға дейін ұлғайып, 120 жаңа жұмыс орыны ашылады.

Нұрбол Тұрсынбаев, №2 көп бейінді қалалық аурухананың директоры:

- Травматология орталығы бүгінгі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен, Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен, Астана қаласының сол жағалауындағы Есіл ауданы мен Нұра ауданына қызмет ететін болады. Травматологияға күніне жүз жиырма науқас келеді және де бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі триаж жүйесі бар, жаңа үлгідегі медицина заманауи технологияларымен арнайы жабдықталған мекеме.

Мамандардың айтуынша, қазір мобильді қосымша арқылы пациенттердің қан қысымы, тамыр соғысы және басқа да денсаулық көрсеткіштерін қашықтан бақыланады.

Авторлары Наргиз Бекмағанбетова, Бағдат Қайыркен

Сондай-ақ оқыңыз: