Республика күніне орай Талдықорғанда жаңа емхана ашылды

Республика күніне орай Талдықорғанда 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды. 

«Қарқынды құрылыс» бағдарламасымен тұрғызылған ғимарат қажетті материалдық техникамен жабдықталған. 

Мекеменің пайдалануға берілуімен облыс орталығындағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме жеңілдеп, тұрғындарға жасалатын ем-дом сапасы жақсара түседі.

Бес қабатты сәулетті ғимарат Қадырғали Жалайыри мен Дінмұхамед Қонаев көшесінің қиылысында бой көтерді. Бастапқыда сот қызметкерлері үшін тұрғызылған мекеменің облыс бөлінгеннен кейін нысаналы мақсаты өзгертіліп, тәулігіне 500 адамға қызмет көрсететін емханаға айналды.   

Дәрібек Қарабасов, қала тұрғыны:

 - Қарапайым адамдарға өте ыңғайлы болады. Жаңадан шағын аудандар салынып жатыр. Талдықорған өсіп жатыр. Баяғыдай емес. 220 мың халыққа өсіп барады. Осындай қарқынды өсіп жатқан облыс орталығына

осындай заманауи емхана керек еді.  

Емханада 400-ден астам маман еңбек етеді. Солардың қатарында өзге өңірлерден ауысып келген білікті дәрігерлер де бар.

Ілияс Нұржанұлы, жалпы тәжірбиелік дәрігер:

 - Астана қаласынан Талдықорған қаласына шақырту бойынша жолдасымыз екеуіміз алғашқы тәжірбиелік дәрігер ретінде ауысып келдік. Қазіргі уақытта бір жылдан астам уақыт болды. Осы облыс орталығында жұмыс жасап жатырмыз. Облыс орталығына көшіп келгенімізге байланысты жолдасым екеуімізге бір реттік жәрдемақы көрсетілді. 

Мекемеде клиникалы-диагностикалық зертхана, ультрадыбыстық маммографиялық зерттеу кабинеттері, күндізгі стационар, балалар бөлімі мен диагностикалық және рентгенологиялық бөлімше ашылып отыр.

Сәуле Құсмолданова, қалалық №3 емхананың директоры:

- Алғаш рет Талдықорғанда амбулаториялық хирургия ашылды. Енді шағын инвазивті операциялар осы мекемеде жасалады. Мұндағы магнитті-резонансты томография, рентгенологиялық диагностика сынды техниканың бәрі ғаламторға және ПАК жүйесіне қосылған. Қажетті мамандар жеткілікті. 

Жетісу облысы құрылғаннан бергі төрт жылда аймақта 149 медицина мекемесі салынды. Соның 60 шақтысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында тұрғызылып ел игілігіне берілді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: