«Халықтық құрылыс»: Бейнеуде емхана салынады

Маңғыстауда «Халықтық құрылыс» жобасы аясында бірнеше емдеу мекемесі бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, Бейнеу ауылында емхана, Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығын салу жоспарланған. Қазіргі кезде Бейнеу аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Медициналық нысан соңғы қырық жылдан астам уақытта алғаш рет жаңартылуда.

Бейнеу ауруханасы 11 блоктан тұрады. Қазір бесеуінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Олар жылдың соңына пайдалануға берілуге тиіс. Құрылыс-монтаждауына жүзден астам жұмысшы тартылған. Қалған ғимараттарды қалпына келтіру 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Ғимараттың инженерлік желілері толық ауыстырылған.

Ержан Тұрғанбаев, «MIR-A Construction» ЖШС өкілі:

– Жалпы жұмыс көлемінің 60%-ы орындалып тұр. Біздер бес блокқа басымдық беріп жатырмыз. Атап айтатын болсақ, «А» блогының 90%-ы бітіп тұр. «А-1» блогы – 98%, «К» және «Л» блоктары – 80-85%. Сонымен қатар «Д» блогы 100 пайыз бітіп тұр. Олардың терезелері, ішкі жұмыстары, жылыту жүйелері толыққанды ауысты.

Бейнеу – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан. Жағдайы ауыр науқасты Ақтауға санұшақпен жеткізудің өзі үш сағат уақыт алады. «Мәселе көпбейінді аурухана толық қайта жаңғырған соң шешіледі» – дейді мамандар.

Сәбит Кеулімжаев, Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– КТ аппаратымыз бар. Енді осы ұлттық жоба аясында жылдың соңына дейін МРТ аппараты келеді. Облыстағы шалғай аудан екенін өзіңіз білесіз. Сондықтан мұнда көпбейінді орталық ашылып жатыр. Оның құрамында травматологиялық бөлімше мен инсульт орталығы болады. Содан кейін көпбейінді орталық аурухана болып аталамыз.

Аудандық аурухана 170 төсек-орынға арналған. Науқастар күрделі жөндеу аяқталған бойда жаңа блоктарға көшірілмек. Айта кетсек, Бейнеуде дәрігер тапшылығы мәселесі де оң шешімін тапқан. Биыл 14 жоғары білікті медицина қызметкері жұмысқа қабылданса, тағы оннан аса дәрігермен еңбек келісімшарты жасалып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ оқыңыз: