ШҚО-да денсаулық сақтаудың ұлттық жобасы аясында 36 мекеме салынды
Кейінгі 3 жылда Шығыс Қазақстан облысында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 36 медициналық мекеме салынды.
Бұл шалғай ауыл тұрғындарын сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік берді. Дегенмен заманауи амбулатория мен емхана тапшылығы өзекті. Біраз ауылдағы нысан әбден ескірген, дейді мамандар. Жалпы үш жыл ішінде елде 655 медициналық мекеме салынып, халық игілігіне тапсырылды.
Кейінгі 3 жылда Шығыс Қазақстан облысында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 36 медициналық мекеме салынды. Бұл шалғай ауыл тұрғындарын сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік берді. Дегенмен, заманауи амбулатория мен емхана тапшылығы өзекті. Біраз ауылдағы нысан әбден ескірген, дейді мамандар. Жалпы үш жыл ішінде елде 655 медициналық мекеме салынып, халық игілігіне тапсырылды.
Глубокое ауданында былтырдан бері бес медициналық мекеме салынды. Бобровка ауылының дәрігерлері бұған дейін мына ескі үйдің бір бұрышындағы аядай бөлмеде отырды. Тар жерде қысылып, қымтырылып қызмет көрсететін. Тұрғындарға да қолайсыз еді. Елді мекенде дәрігерлік амбулатория салынғалы, ауылдықтар сапалы көмек ала бастады.
Нина Вирц, Бобровка ауылының тұрғыны:
- Бұрын дәрігерлер пәтердің бір бөлігінде ғана қабылдап жүрді. Оған тіпті кіріп шығу қиын болатын. Суық күндері кісі тіпті қаптайды. Қазір міне жаңа нысан салынды. Айырмашылығы жер мен көктей. Енді осының іші қажетті мамандармене толықса тіпті керемет болар еді.
Мұнда науқастар күндізгі стационарда ем қабылдай алады. Жақында физиожабдық іске қосылады, дейді дәрігерлер. Өскеменнің шетіндегі Ахмер кентінде де жаңа амбулатория бой көтерді. Аудан тұрғындары мұндай ғимаратты талай жыл күтті. Айжан Сүйіндікова 4 баланың анасы. Бұрын ескі мекемеге әрең жетіп, қаралуға да біраз уақыт кететін, дейді ол.
Айжан Сүйіндікова, Ахмер кентінің тұрғыны:
- Осы уақытқа дейін біз мына городок жақта орналасқан мекемеге баратын едік, өте ауыр, балалармен әсіресе. Автобус күтетінбіз балалармен барып, іші тар, ыңғайсыз. Қазір міне өте жақсы, біз қуаныштымыз балалармен келеміз, ыңғайлы.
Тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндігіміз артты, дейді мұндағы мамандар. Бұрын болмаған стоматологиялық кабинет және физиокабинет, балалар бөлмесі де ашылды. Болашақ аналарға арналған медициналық көмек те қолжетімді болды.
Эльмира Омарбекова, №1 алғашқы медициналық санитариялық көмек орталығының бас дәрігері:
- Жаңа нысанда жұмыс істеу дәрігерлерді де ынталандырады. Ең бастысы, тұрғындарға қызмет көрсету түрлері кеңейді. Осы жерде шағын зертханалық бөлме ашылды. Яғни кейбір талдамалар тікелей осында жасалады. Жүкті әйелдер де толық қаралып, кеңес ала алады, бұрынғыдай орталыққа сабылып жүрмейді.
Облыстағы ауылдарда соңғы үш жылда 36 медициналық мекеме салынды. Дегенмен,заман талабына сай емхана тапшылығы әлі бар.
Айнаш Қапанова, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауылдағы денсаулық сақтау саласы жаңғыртылып жатыр, десек те, жаңа ғимаратқа мұқтаж аймақтар баршылық. Бүгінде Үлкен Нарын,Тарбағатай, Күршім сияқты аудандарда әлі 63 нысан салыну қажет. Бұл кезең-кезеңмен іске асады деген ойдамыз. Мәселен, болашақта Зайсанда 250 орындық емхана салу көзделіп отыр.
Осылайша өңірде ондаған ауылдың халқы жаңа медициналық ғимаратты асыға күтіп отыр. Жалпы елімізде медицина саласында соңғы 7 жылда 1259 нысан пайдалануға берілсе, соның 800-ден астамы кейінгі үш жылда салынды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов