ШҚО-да үш жылда 36 медицина мекемесі салынды
Шығыс Қазақстанда кейінгі үш жылда «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 36 медицина мекемесі салынды. Елді мекендерде ашылған емдеу нысандары қажетті жабдықтармен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Кейбірінде бұрын-соңды болмаған стоматология кабинеті ашылып, күндізгі стационар іске қосылды. Көпшілік күткен физиоемдеу бөлімдері де жұмыс істеп жатыр. Былтыр Риддерде жаңа аурухана қолданысқа берілді. Ал Өскеменде елде теңдесі жоқ гематология орталығы ашылды. Кешенде ересектер мен балаларға онкогематология, кардиохирургия бағытында көмек көрсетіледі. Абай, Павлодар облысынан келетін сырқаттар да емделеді. Мамандар мұндай озық технологиямен жабдықталған нысанның тұрғындар үшін маңызы зор деп санайды. Қазір елде қан ауруына шалдыққан 11 мың адам тіркеуде болса, соның мыңнан астамы Шығыс Қазақстанда тұрады.
Светлана Шмурыгина, қан орталығының директоры:
– Бұл медициналық кешен толық қуатпен жұмыс істеген кезде қан ауруларына байланысты біраз мәселе шешімін табады. Ең бастысы, сырқаттар енді Астанаға сабылмай, осы жергілікті жерден ем қабылдай алады. Мұнда діңгекті жасушаларды дайындау, сақтау және оны алмастыру операциясы жүзеге асады. Соңғы үлгідегі зертханалық бөлім де қарастырылған.