Қатерлі ісік үкім емес: Елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші азаюда

кадр бейнежазбадан

Қазақстанда онкологиялық аурулар мен оны емдеудің заманауи тәсілдері әлемдік үрдіске сай дамып келеді. Елдегі статистикалық өзгерістер, өлім-жітім көрсеткішінің азаюы және отандық медицинаға енгізілген озық технологиялар туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығы Басқарма төрағасының медициналық қызмет бойынша орынбасары Әділбек Мұқажанов «24KZ» арнасының студиясында айтып берді.

Бұл – дүниежүзілік тенденция, бізде де жылдан жылға онкологиялық аурулармен ауыратындар саны көбейіп келе жатыр. Мәселен, былтыр 43 мыңнан астам адамға диагноз қойылды. Дегенмен, бір қуантарлық жайт – ауру көрсеткіші өскенімен, өлім мөлшері жылдан жылға азайып келеді. Мысалы, 5-6 жыл бұрын бұл көрсеткіш 20 мыңның маңында болса, былтыр 13 мың адам қайтыс болды. Ертерек диагностикалап ем алсақ, науқастың толық жазылып кету мүмкіндігі 100 пайызға жетеді, ал 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші қазір 60 пайызға жетіп отыр, – деді Әділбек Мұқажанов.

Сарапшының айтуынша, елімізде ерекше озық технология – протондық терапия орталығы іске қосылды. Бұл – ТМД елдері мен Орталық Азиядағы бірден-бір бірегей орталық (әлем бойынша 25-ші орын). Дәстүрлі фотондық терапиядан айырмашылығы – протондық сәуле ісіктің қақ ортасына барып әсер етеді де, жан-жағындағы сау тіндер мен органдарды зақымдамайды. Бұл әсіресе балаларға, сондай-ақ көз нерві, өңеш секілді маңызды органдардың маңындағы ісіктерді емдеуде аса тиімді.

Бұл терапияны 2025 жылдың аяғынан бастап қолдана бастадық, қазірдің өзінде 250-ден астам науқас ем қабылдады. Биылдан бастап кішкентай балаларды да емдей бастадық, қазірдің өзінде 5 бала емделіп шықты, бірнеше бала ем алу үстінде. Протондық терапияның басты артықшылығы – асқыну қаупі бірнеше есе төмен және кейін бала өскен кезде оған ешқандай кері әсерін тигізбейді, – деп атап өтті орталық басшысының орынбасары.