Коронавирус инфекциясы толық жойылған жоқ – денсаулық сақтау министрлігінің өкілі

Қазақстанда күз-қыс маусымына байланысты жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралуы күшейіп келеді. Қыркүйек айынан бері елде ЖРВИ-дің 1,3 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Қазір эпидемиологиялық ахуал тұрақты, ал медициналық ұйымдар науқастарды қабылдауға дайын. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Маманның сөзінше, елімізде жыл сайын 3-4 миллионға жуық ЖРВИ жағдайы тіркеледі. Бұл – күз бен қыс мезгілінде қайталанатын маусымдық құбылыс. Биылғы эпидемиологиялық кезеңде де тұмаумен қатар аденовирус, парагрипп, риновирус және маусымдық коронавирус инфекциялары жүр.

Қыркүйек айынан бері елімізде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 1,3 миллионнан астам жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға аз. Ал тұмаудың жыл басынан бергі тіркелген жағдайы – 92, – деді Жасұлан Алпысбаев.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы да толық жойылған жоқ. Вирус әлі де айналымда болғанымен, қазіргі эпидемиологиялық жағдай пандемия кезеңіндегідей емес. Биыл жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 325 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,7 есе төмен.

Маман халықты коронавирус атауынан үрейленбеуге шақырды. Оның сөзінше, қазіргі кезде ел тұрғындарында қалыптасқан иммундық қорғаныс бар. Бұған дейін 10,5 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина алған.

Тұмау несімен қауіпті?

ЖРВИ түрлерінің ішінде тұмау асқыну қаупімен ерекшеленеді. Әсіресе созылмалы аурулары бар азаматтар, егде жастағы адамдар мен кішкентай балалар үшін инфекция ауыр өтуі мүмкін. Уақытылы емделмеген жағдайда тұмау пневмония сияқты күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал.

Тұмау – респираторлық вирустардың ішіндегі ең қауіптісі. Өйткені ол түрлі асқынуларға, соның ішінде пневмонияға алып келуі мүмкін. Сондықтан созылмалы аурулары бар адамдар, қарттар мен кішкентай балалар бұл инфекциядан ерекше сақтануы керек», – деді Жасұлан Алпысбаев.

Осыған байланысты елде тұмауға қарсы вакцинация науқаны жүргізіліп жатыр. Биыл халықты иммундау үшін 2,2 миллион доза вакцина сатып алынған. Сұхбат барысында айтылған дерек бойынша, екпе алуға жататын азаматтардың 91 пайызы вакцинациядан өткен.

Маманның айтуынша, эпидемиологиялық маусым қыркүйектен басталып, келесі жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады. Оны толығымен тоқтату мүмкін емес. Алайда профилактикалық шараларды сақтау арқылы инфекцияның таралуын және аурудың асқыну қаупін азайтуға болады.

Ауруханаларда жағдай қалай?

Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан азаматтар амбулаториялық және стационарлық деңгейде ем қабылдап жатыр. Комитет өкілінің мәліметінше, стационарлардағы төсек-орындардың жүктемесі шамамен 70 пайызды құрайды.

Қазір стационарлық төсек-орындардың жүктемесі шамамен 70 пайыз. Өткен жылы көрсеткіш 85 пайыздан асып, қосымша орындар ашуға тура келген еді. Биыл эпидемиологиялық маусымға дайындық барысында қажетті жоспарлар алдын ала жасалды. Сондықтан қазіргі жағдайға байланысты алаңдауға негіз жоқ, – деді Жасұлан Алпысбаев.

Суық түскенде вирустар неге көбейеді?

Маманның түсіндіруінше, респираторлық вирустар жыл бойы айналымда болуы мүмкін. Алайда күз-қыс мезгілінде олардың таралу қарқыны артады. Бұған адамдардың жабық ғимараттарда көбірек болуы және бір-бірімен тығыз байланыс орнатуы әсер етеді.

Суық түскен кезде адамдар көбіне жабық ғимараттарда болады. Егер олардың арасында ауру белгілері бар адам болса, инфекцияның өзгелерге жұғу ықтималдығы артады. Сондықтан күз-қыс кезеңінде вирустардың таралуы жиілейді, – деді Жасұлан Алпысбаев.

Антибиотик тұмауды емдемейді

Маман азаматтардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – дәрігердің кеңесінсіз антибиотик қабылдау екенін атап өтті. Оның айтуынша, антибиотиктер вирустарға қарсы әсер етпейді және тұмауды емдемейді. Мұндай препараттарды тек нақты медициналық көрсетілімдер болған жағдайда дәрігер тағайындауы керек.

Антибиотиктер тұмау мен басқа да вирустық инфекцияларды емдемейді. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оны өз бетінше қабылдау пайда әкелмейді, керісінше денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін», – деп ескертті Жасұлан Алпысбаев.

Оның айтуынша, бас ауруы, бұлшықеттің сырқырауы, дене қызуының көтерілуі және тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер байқалса, өздігінен емделуге болмайды. Мұндай жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгінген жөн.