Шетелдіктер тіс емдету үшін Қазақстанға келе бастады

Фото: depositphotos.com

Қазақстан медициналық туризмді дамытуға басымдық беріп отыр. Қазір шетел азаматтары сапалы әрі қолжетімді стоматологиялық қызмет алу үшін елімізге келе бастады. Әсіресе тіс импланттарын орнатуға сұраныс жоғары. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай отырысы аясында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 Оның айтуынша, Қазақстанның медициналық туризм саласындағы басты артықшылықтарының бірі – қызмет сапасы мен бағаның қолжетімділігі. Қазақстан стоматологтары қауымдастығының мәліметінше, шетел азаматтарының отандық клиникаларға қызығушылығы артып келеді.

Кейбір елдерде бір имплант орнату бірнеше мың доллар немесе еуро тұрады. Қазақстанда дәл осындай қызметтер әлдеқайда арзан, сонымен қатар стоматологиялық көмектің сапасы жағынан шетелдік мамандардан кем түспейміз, – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

 Министрдің бірінші орынбасары медициналық туризмнің дамуы отандық клиникалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, медицина мамандары үшін қосымша табыс көзін қалыптастыратынын атап өтті. Бұл ретте жеке медицинаның дамуына және ел экономикасына да оң әсер етеді.

 Сонымен қатар медициналық туризмді дамыту қазақстандықтардың медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін шектемеуі керек. Осыған байланысты заңнамалық деңгейде «медициналық туризм» ұғымын бекітіп, емделу мақсатында Қазақстанға келетін шетел азаматтарына қызмет көрсету және оларды медициналық сүйемелдеу тәртібін реттеу жоспарланып отыр.

 Жаңа шаралар медициналық ұйымдардың әлеуетін арттырып, қосымша инвестиция тартуға және Қазақстанның халықаралық медициналық қызметтер нарығындағы орнын нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: