«Бір адамның 82 тісі емделген»: депутаттар МӘМС жүйесін сынға алды
Үкімет сағатында депутаттар да МӘМС жүйесін біраз сынға алды, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, Асхат Аймахамбетов аталмыш жүйені өзенде жүзген тесік қайыққа теңеді. Мәжілісмен бұл бағытта жүйелі реформа қажет деп есептейді. Жауаптылар мәселені түбегейлі түрде жоюдың орнына оның салдарымен күресіп келеді деген пікір айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір кейс, бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес.
Депутат Н. Сәрсенғалиев МӘМС жүйесін тоқтата тұруды ұсынды
Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін уақытша тоқтатуды ұсынды. Оның айтуынша, қордың жұмыс істегеніне 6 жыл болды. Бірақ жүйедегі олқылықтар әлі де жойылар емес. Мәселен, кейбір емханаға бармаған адамдарды тіркеп, көрсетілмеген қызметтерге қаржы алып отырған жағдайлар аудит кезінде анықталды. «Бұрынғы жүйе де, қазіргі де жұмыс істеп тұрған жоқ», – деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халықтың онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек.
Мәжіліс депутаттары МӘМС жүйесін сынға алды
Сондай-ақ депутат ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасы бойынша қолданысқа берілуі керек болған 655 нысанның 85-сі ғана берілгенін айтып, мәселенің қашан шешілетінін сұрады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінде кемшіліктері бар екенін айтты. Ведомство басшысы олқылықтардың орнын толтыруға болатынын айтып, өз уәжімен бөлісті.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін. Екінші мәселе, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы биыл өзінің жалғасын тапты. Былтыр 99 нысан салынса, биыл 361 нысан салынып, іске қосылды. 2025 жылы қосымша 195 объект салынады. Сонымен қатар 32 ауданаралық ауруханалардың жетеуінің қосымша құрылыстары мен күрделі жөндеулері былтыр басталып, биыл жалғасын табады.
Бірнеше жерде жұмыс істейтін адам МӘМС жарнасын төлеуге міндетті ме?
Бірнеше жерде жұмыс істейтін адам МӘМС жарнасын әр жұмыс орынан төлеуге міндетті ме? Депупат Ерлан Сайыров «бұл қаншалықты әділетті?» деген ой тастады. Ол МӘМС жүйесі ашық болу керек,а заматтар өзінің жарнасының қалай толып жатқанын көріп отыру керек деп есептейді. Осы орайда депутат Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бағытта қандай жұмыс атқарып жатқанын сұрады. Өз кезегінде, ведомство басшысы Қазақстандағы МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, әлеуметтік жүйе екенін алға тартты.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Екі немесе үш жерде жұмыс жасаған азаматтардың барлық жерден жарнапұлдары ұсталады деген мәселе бар. Бірақ барлығын қосқанда олар 850 мың теңгеден, яғни 10 еселенген ең төменгі жалақының көлемінен аспау керек. Асқан жағдайда МӘМС-тің жергілікті филиалына немесе орталығына арыз шағым жазып, асқан қаражатты қайтурға бүгінгі таңда мүмкіншілігі бар.