Алматыда бір айда 12 шақалақтың көзіне операция жасалды
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы ретинопатия сырқаты анықталған шала туған нәрестелерге 12 операция жасады, деп хабарлайды 24kz.
Нтижесінде сәбилердің көру қабілеті қалпына келтірілді. Күрделі операция көз аурулары институты дәрігерлерімен бірлесіп жасалуда. Суқараңғылыққа әкелетін дертті аталған орталықта тегін емдеуге мүмкіндік бар.
Қызылордалық Әйгерім Рахымжанова ұлын 28 аптасында дүниеге әкеледі. Мерзімінен бұрын босанғандықтан нәрестенің көзінде ретинопатия диагнозы анықталады. Шұғыл түрде операция жасау керек болғандықтан, Алматыға санитарлық авиациямен жеткізіледі. Білікті дәрігерлердің арқасында операция сәтті өтті. Қазір нәресте мамандардың бақылауында.
Әйгерім Рахымжанова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Сол кезде операция жақсы жасалды. Операция уақыты 15-20 минут уақыт алды. Өте күрделі операция деп есептеуге болады. Оның нәтижесі өте жоғары. Бізді қуантты. Өзінің жасына сай дамып келе жатқанын біз көріп отырмыз.
Ретинопатия – шала туған балаларда жиі кездесетін патология. Яғни, көз құрылымдары жетілмегендіктен, көз торшалары зақымданады. 2012 жылдан бастап Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерге аваскулярлық торлы қабықтың транспупиллярлық лазерлік коагуляциясы енгізілді. «Терапияның тиімділігі 96%», - дейді дәрігерлер.
Айжан Байғұттиева, ПБХҒО Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:
- Бұл патология жоспарлы түрде дер кезінде ота қажет етеді. 2012 жылы біздің ғылыми педиатрия орталығы бірлесе отырып, көз ғылыми орталығымен бірге лазерокоагуляиция операциясын енгізді біздің орталыққа. 2012 жылы 52 ота жасалса, бүгінгі күні 12 жылдың ішінде 1184 бала отадан кейін көретін болып кетті.
Біздің елімізде жыл сайын 20 мыңнан аса нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келеді. «Туылған кезде салмағы аз, мерзімі ерте болған сайын ретинопатияға шалдығу қаупі жоғары», - дейі мамандар.
Сабина Смағұлова, офтальмолог-дәрігер:
- Біздің елімізде дүниеге келген барлық нәресте үш аптадан кешікпей дәрігердің тексеруінен өтуі тиіс. Ал 34 аптаға дейін туылып, салмағы 2 келіден төмен сәбилер міндетті офтальмологиялық скринингтен өтуі керек.
Нәрестелердегі ретинопатияның ең басты себебі – мерзімінен ерте дүниеге келу. «Сондықтан дәрігерлер ата-аналар арасында ерте босанып қалудың қауіптілігі, оның алдын алу және жүктіліктің толық мерзімін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыру аса қажет», - дейді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов