Қызылордада қалалық балалар ауруханасы ашылады

Қызылорда қаласында балалар хирургиясы жаңа технологияларды енгізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Соңғы екі жылда облыстық көпсалалы аурухананы қайта жабдықтауға шамамен 800 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген. Осының арқасында дәрігерлер жоғары технологиялы операцияларды өздері жасап, көптеген адамның өмірін аман алып қалды. Алайда медициналық мекемеде орын тапшы. Аурухана қосымша ғимараты қажет етіп отыр. Бұл мәселе қалай шешіледі?

Қазалы ауданынан келген 7 жасар Іңкәрдің бүйрегінде кінәрат бар. Туа біткен гидронефроз ауруы хирургиялық жолмен емделеді. Осыдан екі ай бұрын қыз бала анасымен бірге республикалық орталыққа баруы тиіс еді. Науқасты алыс жолға әурелемей-ақ, Іңкәрға операцияны жергілікті дәрігерлер жасады.

Гүлсезім Науханбай, Қазалы ауылының тұрғыны:

- Осы жақта негізі ағай айтқан Алматы жақтарға жібереміз деп. Өзім осы жақтағы балалар ауруханасына келе берейін, сізге сеніп тұрмын деп. Сонымен таңертең келдік, операцияны жасады. Қызылорда облысында осы жақта балалар ауруханасында жасауға болады екен. Көзім жетті. Шүкір, жағдайымыз жақсы қазір. Қазір 8 күн болды, 14 күннен кейін бәрі жақсы болса шығарамыз деген.

Заманауи озық технологиялар күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік берді. Балалар ауруханасын жабдықтауға кейінгі екі жылда 813 миллион теңге бөлінді. Медициналық мекеме соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ультрадыбыстық аппарат, цифрлық рентген, ЛОР бөлімшесі мен жалпы хирургия, жарақаттану және нейрохирургия бөлімшелеріне заманауи құрылғылар алынды.

Әлімжан Төлегенов, балалар хирургі:

- Бұл құрал-жабдықтарды қолданып жасағаннан кейін баланың ағзасына зиянды әсері өте төмен. Екіншісі, бала жаңағы операция жасалған науқас тез айығады. Реабилитациялық қалпына келуі өте аз күн ішінде қалпына келеді. Үшіншіден, бұл операциялар бұрын республикалық ұлттық ғылыми орталықтарда жасалып жүрген. Қазір біз облыстық деңгейде жасап жатырмыз.

Соған қарамастан ауруханада орын тапшылығы айқын сезіліп отыр. Бас дәрігер Әбдіғабит Әбіләзімнің айтуынша, емдеу мекемесі қалыпты нормадан екі есе артық жүктемемен жұмыс істеп жатыр.

Әбдіғабит Әбіләзім, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Маусымдық аурулардың көбеюіне байланысты төсек-орындар жетіспеуіне байланысты аурухана 440 төсекке көбейтілді. Дегенмен де оның бәрі санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Ол сұрақ Денсаулық сақтау министрілігіне қойылған. Ол жақтан арнайы топ келіп қарап, алдағы уақытта Қызылорда қаласында тағы да бір аурухана соғу не болмаса осы аурухананың жанынынан тағы ғимаратты қосып салу жөнінде сұрақты қарап жатыр.

Мая Мирзанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыстық балалар ауруханасының жүктемесін азайту мақсатында бүгінгі күні қалалық балалар ауруханасын жеке өз алдына бөлек стационар ретінде ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.

Қызылорда қаласында қалалық балалар ауруханасын ашу осы жылдың жаз айларына жоспарланып отыр. Жаңа стационар қолданысқа енген жағдайда көпсалалы облыстық балалар ауруханасы штаттық жұмыс режиміне қайтып оралады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдолдаев.