Оралдық оқушылар «Таза қазақстан» акциясына үлес қосты

«Таза Қазақстан» акциясының ауқымы аула-көшелердегі көң-қоқысты жинаумен шектелмейді, деп хабарлайды 24kz.

Акция аясында жас ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеп, жасыл желек қорын молайтуға үндейтін шаралар да көптеп өтіп жатыр. Орал қаласындағы оқушылар түрлі қылқан жапырақты ағаштардың тұқымын арнайы ыдыстарға екті. Енді балалар 200 түп ағашты суарып, күтіп, қалай өсіп-өнгенін бақылай алады. Ал бой салып жетілген көшеттерді кейін аулаға егеді. «Осылайша, мектеп аумағын тәлімбаққа айналдырамыз», - дейді шәкірттер. Таңдалған ағаштардың бәрі де өңірдің климатына төзімді терек тұқымдары.

Жаңылай Арматқызы, оқушы:

- Біз әр сенбі сайын сенбілікке қатысып тұрамыз. Ауламызға шығып, гүлдерімізді, ағаштарымызды суарып тұрамыз және бұл тек қана өзіміз үшін де пайдалы. Ол бір жағынан табиғатты тазартып, оттегі алу үшін маңызды.

Нұржан Өмірәлиев, «Орал орман шаруашылығы» мекемесінің бөлім басшысы:

- Минералды топырағын егіп, еккеннен кейін мұны 10 күн күн сәулесінде тұруы керек терезенің алдында. Сосын 10 күннен кейін таза су құйылуы керек, жаңбырдың суы, қардың суы. 20 күннен кейін тағы келіп қарап кетеміз. 2 сантиметрге көтерілуі керек. Сосын көтеріліп, әбден бәрі өскеннен кейін күзде өзінің ыдысынан алып, жерге егеміз далаға.