ШҚО-да экологиялық ахуалды жақсартуға ₸ 4 млрд бөлінеді
Шығыстағы экоахуалды жақсартуға 4 млрд теңге бөлінеді.
Өндірісті қала Өскеменде ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Себебі шаһардың ауасы лас. Кейде апталап қою тұман басады. Ауадағы азот, күкірт диоксиді сынды зиянды заттар мөлшері шамадан 2-3 есе артқан жағдайлар болып тұрады. Мамандардың айтуынша, ауаның ластануына тек зауыттар себепші емес, жылу электр орталықтары мен жеке тұрғын үйлерден де зиянды қалдықтар шығады. Жақында құрылған "Өскемен тынысы" бюросы зерттеу жүргізіп, бірнеше рейд өткізді. Болашақта үлкен жобаларды қолға алуды көздейді. Қазір мамандар жасанды интеллект көмегіне жүгініп жатыр.
Елена Березинская-Әбілова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы жобалық кеңсесінің жетекшісі:
- Жасанды интеллект жүйесінің көмегі зор. Өйткені жазатын да талқылайтын да дүние баршылық. Ендеше неге бұл игілікті тиімді пайдаланбасқа? Ерекше идеялар мен бастамалардың қорытындысын түйіндеуге, неғұрлым нәтижелі бағытты таңдауға ықпал етеді. Бізге керегі де сол, барынша тиімді шешім қабылдау.