Ақтаулық студенттер жапон софорасын екті
Ақтаулық студенттер құрғақшылыққа бейімделген сирек кездесетін өсімдіктің тұқымын сеуіп, көшеттерін екті, деп хабарлайды 24kz.
Енді мемлекеттік университеттің жылыжайында дәрілік ағаш – жапон софорасы өсірілмекші. Маңғыстау эксперименттік ботаника бағының мамандары студенттерге бұл өсімдіктің пайдалы қасиеттері мен медицинада қолданылуы туралы айтып берді. Теориялық сабақтан соң студенттер тәжірибелік бөлімге көшті. Жас экологтар мен биологтар алған білімдерін іс жүзінде қолданып, ағаш екті. Бұл шара елдегі «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатыр. Ботаника бағы мамандарының бақылауымен студенттер жылыжайдағы өсімдіктерді күтіп баптайды. Ал көшеттер тамыр жайған соң университет аумағына егіледі.
Ақжүніс Иманбаева, Маңғыстау эксперименттік ботаника бағының бас директоры:
- Бір жылда 1 метрге жететін жаңа технологияға патент алдық. Сол патентпен қазір біз тұқымды бірінші кішкентай стақандарға өзінің арнайы субстаркті бар, соған салады. Ол бір 7-8 күнде тұқым өсіп өнеді. Сонан кейін тамызға дейін біраз өседі. Мамыр айына дейін оны жылыжай жағдайында ұстайды. Тамыз-қыркүйек айларында 1 метрлік көшетті жерге егуге болады.
Асыл Нұрбердиева, студент:
- Бұл дегеніміз, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға пайдамызды тигізу масқатында осындай керемет жобаны жасап жатырмыз. Және ол біз үшін өте керемет тәжірибе болды. Мен бұл ағашты өзімнің Отаным үшін және өзіміздің Қазақстанымыз үшін отырғызудамын.