Нұра ауданында бес мың текше метрден астам қар шығарылды

Нұра ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында бес мың текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекенде 13 арнайы техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлік нысандар өздеріне қарасты аумақты тазалауға міндетті. 

Ал еріктілер тобы жалғызілікті зейнеткерлердің ауласын тазалауға жәрдем беріп жатыр. Ол үшін көмекке мұқтаж қарттардың арнайы тізімі жасалған. Зейнеткер Зүлфина Төлеубайқызы: «Студенттер қар жауған сайын келіп тұрады», – дейді.

Зүлфина Төлеубайқызы, Нұра ауданының тұрғыны:

- Мен негізі ешқашан да «қарымды күреп беріңдер», – деп айтқан емеспін. Өздері келеді де, осылай күреп-күреп, айды аспаннан шығарып кетеді ғой, шынын айтқанда. Ырзамын расында да. Осымен үшінші рет кеп тұр. Қар деген биыл керемет көп. Ырзығымыз көп болсын. Тек қана күрт еріп кетпесе болды.