Каспий теңізіне экологиялық тексеріс жүргізу ұсынылды

Өндіріс салдарынан Каспийге келіп жатқан залалдың көлемі туралы терең әрі нақты зерттеу жоқ. Сондықтан бірнеше заңға өзгеріс енгізу керек. Астанаға жиылған экологтар осылай дейді. Себебі мұнай компаниялары өз аумағында экологиялық мониторинг жүргізеді. «Бұл мекеме қаражатына жасалатын зерттеу болғасын тексерушілер «жауырды жаба тоқымдауы» мүмкін», – дейді табиғат жанашырлары. 

Мамандар Каспий теңізінің табанынан қара алтын өндіретін компаниялардың келісімін қайта қарауды ұсынып отыр. Сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар институтын дамытып, экологтарға өндіріс қалдықтарынан табиғатқа келген залалды өз бетінше зерттеуге мүмкіндік беру керек деген пікірде.

Әділбек Қозыбақов, ECOJER қауымдастығының өкілі:

- Былтыр Каспий теңізіне бір Ақтаудың маңындағы қонақ үйден лас сулар, төгінді сулар аққан еді. Сол факт бойынша тексеріс жүргізілді. Біздерді тәуелсіз эколог ретінде өзіміз жүгінген едік прокуратураға. Бірақ бізге одан бас тартты. Себебі Кәсіпкерлік кодекстің ішінде бір өзінің нормасы бар екен. Яғни бақылаушы органдар сырттан сарапшыларды тарта алады. Олар мемлекеттен қаржыландырылатын ұйымда жұмыс жасайтын болса ғана. Мына жерде сұрақ туындайды, әрине. Мемлекеттен қаржыландырылатын болса, ол қалай тәуелсіз эколог болады? Сондықтан сол бапқа өзгеріс енгізуді ұсынамын.

«Сонда ірі өндіріс ошақтары заңды белден басудан қаймығып, экологиялық талаптарды бұзбайды», – дейді мамандар. Сонымен қатар бұл алпауыттардың жұмысына экологиялық аудит жүргізу ұсынылды. Себебі мұнай компанияларының қызметін бақылайтын жылжымалы посттар жоқ. Яғни теңізге қандай қалдық тасталды? Олардан қоршаған ортаға келетін зиян көлемі қандай? Бұл ақпарат белгісіз. Өйткені осыған қатысты мәміле құпия құжаттар тізімінде тұр.

Галина Чернова, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы директоры:

- Әлемдік, халықаралық нормаларға сай халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға қатысы бар ақпарат құпия бола алмайды. Бұл туралы Орхус конвенциясында да, еліміздің Экологиялық кодексінде де жазылған. Сондықтан келісімдердің бұл бөлігін ашық жариялау керек. Олардың қандай стандартпен жұмыс істейтінін, қай нормаларға бағынатынын халық білуі керек. Егер бұл компаниялар зиянсыз жұмыс істесе итбалықтар неге қырылады? Неге құстар сиреп кетті? Мысалы, Каспийді мекендейтін бес түрдің біреуі ғана қалды. Осының себебін зерттеу үшін ақпарат ашық болуы керек.

Дегенмен Каспий бес елге ортақ су қоймасы екенін ұмытпау керек. Демек жауапкершілік те теңіздің табанын игерушілерге ортақ. Облыс тұрғыны Данияр Әкімжанов: «Шетелдік компаниялардың да қызметін қадағалау керек», – дейді.

Данияр Әкімжанов, Маңғыстау облысының тұрғыны:

- Түпқараған мүйісі бұл могильник деп айтылады. Жел соққанда оның ішінде батыс және солтүстік батыстан жел соққанда Баутин, Форт Шевченко жағалауларына және итбалық аралдарының жағалауына өлекселер тасталады. Бізде солтүстік-шығыста орналасқан Қашаған кен орнынан бөлек, тағы да Ресей мемлекетінің Хвалынский, Корчагин, Филановский деген үлкен жобалар жұмыс істеп тұр. Соларды ескеруіміз керек.

Сонымен қатар теңіз тартылмауы үшін трансшекаралық өзендер бойынша келісімдерді пысықтау маңызды. «Каспийге келетін судың көлемі кемісе, Аралдың күйін кешуі ғажап емес», – дейді экологтар.