Шымкентте төрт ауданның аумағы қоқыстан тазартылды
Шымкентте күре жолдар мен тұрғын үй секторларының аумағы күл-қоқыстан тазартылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында төрт ауданның төңірегінде санитарлық жұмыстар жүргізілді. Коммуналдық жұмысшыларға әкімдік қызметкерлері мен еңбек ардагерлері, жастар мен белсенді топ та қолғабыс етіп, көшелерді сыпырды. Ирригациялық жүйелерді қоқыстан тазартты. Ал «сана тазармай, қала тазармайды» деген тәмсілді ұстанған еріктілер жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізді. Олар қаланың ажарлануына үлес қосуға үндеп, белсенді жастарды қатарға шақырды.
Қайыржан Бөгенбай, қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- Таза Қазақстан: өзіңмен бірге санаң тазарады. Өзіңмен бірге айналаң тазарады. Рухани тазару деген сияқты ұғымдарды студенттер арасында кеңінен насихаттап жүрміз. Ең бірінші адами құндылығымыз, рухани құндылығымыз таза болған кезде біздің айналамыз таза болады деген ұстаным бар.