Таза Қазақстан: Сәтбаев университетінде алғашқы экохаб ашылды
Алматыда экобелсенділер жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды қолға алды, деп хабарлайды 24KZ. Осы мақсатта Satbayev University базасында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында алғашқы экохаб ашылды.
Экохабта студенттер пластик қалдықтарын өңдеп, оларды пайдалы заттарға айналдыра алады. Мәселен, сағаттар, кілтке тағатын әшекейлер, тіпті ұлттық стильдегі бұйымдар жасау мүмкіндігі қарастырылған. Орталықта бөтелке қақпақтарын қайта өңдеуге арналған арнайы станоктар мен велошредер орнатылған. Алдағы уақытта осындай экохабтарды қаланың басқа да жоғары оқу орындарында ашу жоспарланып отыр. Жоба экологиялық мәдениетті дамытуға және халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Мерейбек Манахабек, Satbayev University 4-курс студенті:
- Адамдарды экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Әртүрлі пластиктер бар. Соларды өңдеу арқылы көптеген заттар жасауға болады. Мысалы, жасағандай, барлық қақпақтарды үгітіп, басқа пластик түріне айналдырады. Сол пластик арқылы жиһаз жасай аламыз, үстелдер немесе көшедегі орындықтар, олар ағашқа қарағанда көбірек тұрады.
Евгений Мұхамеджанов, экохабтың негізін қалаушы:
- 5 жыл ішінде біз үлкен топты тәрбиелей аламыз. Біз бұл бастама трендке айналады деп үміттенеміз және барлық университеттерде осындай хабтар ашамыз. Себебі Алматыда 250 мың студент оқиды. Қандай үлкен күш екенін елестетіп көріңіз. Әрбір студенттің достары, таныстары және туысқандары бар.