Орталық Азияда су тапшылығы 3 есеге дейін артуы мүмкін

2040 жылға қарай Орталық Азия елдерінде су тапшылығы қазіргіден 3 есеге дейін артуы мүмкін. Ал шығын көлемі жылына 2 млрд долларға жетпек. Ташкентте бас қосқан БҰҰ сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері осындай болжам жасады. Мамандар мәселені шешудің жолдарын талқылап, ұсыныстарын айтты. Ол үшін трансшекаралық өзендерді басқару жүйесін бірлесіп жетілдіріп, су үнемдеу технологияларын енгізудің ортақ стратегиясын қабылдаудың өзекті екені сөз болды.  

Орталық Азияда трансшекаралық су мәселесі қашаннан өзекті. Мұздықтардан келетін тіршілік нәрінің көлемі жыл сайын азайып барады. «Не істемек керек?» дегенге, жалғыз жол, ортақ су үнемдеу технологиясын енгізу өзекті. БҰҰ ғалымдарының пікірі де осыған саяды.  

Юлия Тромбицкая, БҰҰ су бойынша конвенция хатшылығының заңгері:

- Біз жүргізілген жаһандық мониторинг нәтижелерін талқыладық. Қазір өңір елдері суды тиімді пайдалану және трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайын жақсарту шараларына аса көңіл бөліп отыр. Алайда жерасты суларына келгенде түйткілдер әлі шешілген жоқ.

Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ Арал тағдыры бар. Вадим Соколов 20 жылдан астам уақыт құрғаған теңіздің тіршілігін түлетуге атсалысып жүр. Айтуынша, Орталық Азияда трансшекаралық сулардың өзектілігі жылдан-жылға күрделене береді. Себебі суға деген сұраныс артып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, 2023 жылы Ауғандар көршілерімен келіспей Әмудария суын пайдалану үшін Куш-Тепа каналының құрылысын бастап кетті. 

Вадим Соколов, халықаралық «Аралды құтқару» қоры агенттігінің директоры:

- Бұл дегеніміз Әмудария арқылы келетін су көлемі тағы 30%-ке қысқарады деген сөз. Осыған байланысты қазір Өзбекстанда су үнемдеуге басымдық беріліп, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы 4 жылда 7 млрд куб суды жоспардағыдан аз тұтындық. 2030 жылға дейін тағы сонша үнемдеу міндеті тұр. Басқа жолды көріп тұрғанымыз жоқ.

Айта кететін тағы бір өзекті мәселе, ресми Кабулмен су мәселесін реттеуге келгенде олар Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылық комиссиясында жоқ. Демек жоғарғы жақтан ағатын судың мөлшеріне келгенде ауғандардың қас-қабағына қарайтын сияқтымыз. Осыған байланысты халықаралық сарапшылар келісім болмай, трансшекаралық суларды теңдей бөлу мен оның көлемін болжаудың өзі қиын екенін айтады.

Авторы: Дулат Нуркин.