Павлодарлық оқушылар «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысты
Павлодарлық оқушылар экологиялық таза өнім шығаратын өндіріс ошағына барды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы түрлі қораптар шығаратын өңірдегі жалғыз кәсіпорын.
Жастар күнде көріп жүрген түрлі қағаз қаптама мен қалталардың қалай жасалатынын көрді. Оған шикізат ретінде кәдімгі қағаз қалдықтары пайдаланылатына көз жеткізді. «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған экологиялық акцияға оқушылармен қатар экологтар, саяси партия ұйымының өкілдері қатысты. Олар кәсіпорындағы заманауи жабдықтармен, қоршаған ортаға әсері аз жаңа технологиялармен танысты.
Сымбат Мұхамедиярова, оқушы:
- Бізге барлығымызға танымал коробкаларды шығаратынын білгеніміз жоқ. Мен мынандай жерлерде бірінші рет боламын. Бірақ негізінде өте қызықты. Маған ұнайды. Картонның қалай жасалатынын білгенім жоқ.
Гүлнәр Қайдарова, кәсіпорын басшысы:
- Балалар көп нәрседен алшақтап барады. Олардың көбі өндірістің не екенін білмейді. Сондықтан кәсіпорындарды аралату өте дұрыс. Біз қораптарды тек экологиялық таза материалдардан жасаймыз. Талшықтар, жүгері крахмалы, ағаш көмірін қолданамыз. Мұның бәрі – табиғи өнімдер.