БҚО-да аэрациялық шаралар күшейді

Ақпан айынан бастап Батыс Қазақстан облысында аэрация жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды 24KZ. Өзен-көлдерді оттегімен байытып, балықтардың жаппай қырылуының алдын алу – маңызды экологиялық шаралардың бірі. Алайда бұл жұмысты тек балық инспекциясы мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күшімен атқару мүмкін емес. Осыған орай қоршаған ортаны қорғау мекемелері табиғат жанашырларын бірлесе әрекет етуге шақырады. Бұл экологиялық бастаманың тиімді жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың да белсенділігіне тікелей байланысты.

Әттең, балықта тіл жоқ. Әйтпесе суасты тіршілік иелерінің ауа жетпей алқынған айғайынан көл бетіндегілердің құлағы тұнар ма еді, кім білсін?! Жалпы ақпанның ортасына қарай аяз күшейіп, мұз қалыңдаған сайын су қоймаларындағы оттегі мөлшері де азая береді. Оны болдырмас үшін мынадай ойықтар ойып, ішіне қамыс салады. Сонда су астына оттегі баруы жақсарады.

Жыл басынан бері облыста 136 мыңға жуық ойық ойылған. Алайда тоғандарды оттегімен байытудың тиімді әдісі ретінде «балық коктейлі» тәсілі қолданылып жатыр. Бұл әдіс бойынша мотопомпа арқылы суды бір ойықтан екіншісіне айдау кезінде оның құрамындағы көмірқышқыл газы бөлініп, орнына оттегі толады. Осы уақытқа дейін аталған тәсілмен шамамен 5 мың текше метр су айдалған.

Геннадий Кортунов, Ақжайық балық инспекциясының бас маманы:

- Біздің ихтиологтар алдымен су құрамын оксиометрмен тексереді. Сонымен қатар судың түсі өзгеріп, сасық иіс шығып тұрса да, аэрация шараларын кешіктірмей бастау керек деген сөз. Суда оттегі азайғанының тағы бір белгісі ойық ойғанда балықтардың өздері сол жерге үймелеп келеді. Биыл өңірде артық аяз жоқ, бірақ қар да жоқ. Содан да мұздың қалыңдығы Оралда жарты метрден асты. Шығыстағы Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында 60-70 см-ге жуықтады.

Осыған дейінгі аэрациялық-мелиоративтік шараларға өңірде 657 адам, 167 дана техника қатысқан. Дегенмен оның өзі аздық етіп отыр. Өйткені өткен жылғы су тасқынынан кейін су қоймаларының саны көбейген. Мәселен, бұрын балық құтқару шаралары 153 өзен-көлде жүрсе, енді 183 су қоймасына аэрация қажет.

Есбол Төлеміс, БҚО табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бас маманы:

- Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау коммуналдық мекемесінің күшімен және БҚО балық инспекциясы мамандарымен бірге Ядовитый көлінде аэрациялық шаралар жүргізіп жатырмыз. Ауқымды түрде аудан әкімдіктерінен, ауыл әкімдіктерінен мамандар тартылып жатыр, еріктілерді, сондай-ақ балық шаурашылығы субьектілерінің құрал-саймандары жеткілікті олардың. Соларды көптеп осы аэрациялық жұмыстарға тарту көзделіп отыр.

Балық инспекторларына жылдағыдай табиғат жанашырлары көмек қолын созарына сенім мол. Ал аэрация жұмыстарының нәтижесін көктем көрсетпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап.