Қостанай өңірінде қалдықтарды өңдейтін екі кәсіпорын ашылады

Қостанай облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт іске қосылады.

Жоба құны 311 млн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ дәл осы өңірде ескі көліктер мен резеңке дөңгелектерді қайта өңдеу кәсіпорны ашылмақ. Бұдан бөлек Шымкентте де тозған көліктерді қайта өңдейтін өндіріс қолданысқа берілетін болады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінен хабарлағандай, қалдықтарды қайта өңдеу саласында 4 жоба қолға алынған. Оларға 3 млрд 400 млн теңге қаражат бөлінді. Қолдау қаржы құрылыс мерзімін есепке алмағанда 15 жылға 3 пайыздық мөлшерлемемен несие түрінде беріледі. Экология мәселесін шешуге септесетін кәсіпорындарды жобалау мен құрылысына біраз уақыт қажет болмақ. Құзырлы ведомствода бүгінде 200 млрд теңгеден астам соманың 65 жобасы мақұлданған. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы 2030 жылға қарай қайта өңделетін қалдықтың үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойына 4 млн тоннадан астам қалдықтың 26 пайызға жуығы қайта өңдеуден өткен.