Шымкентте әрбір екінші көлік ауаны ластайды

Шымкентте әрбір екінші көлік қоршаған ортаға едәуір залал тигізеді.

Экологтардың сынақ зертханасы арқылы жүздеген машинаның техникалық жағдайы тексеріліп осындай қорытынды жасалды. Патрульдік полицейлер ауаға зиянды қалдықтарды шекті мөлшерден көп таратқан жүргізушілерге айыппұл салып, әкімшілік хаттама толтырды.

- Инжектор 0,5-200 у вас идут превышение. Дальше вы будете работать патрульный постовой службой. 

Экологтар мен полицейлер будақтаған түтіннің құрамын осындай автоматты тестілеу аппаратымен өлшеп жүр. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Шымкенттегі әрбір екінші машина экологиялық талапқа сай келмейді. 

Полицейлердің дерегінше, қалада 463 мың автокөлік тіркелген. Оның 66 мыңнан астамы сұйытылған  газбен жүреді. Қалғаны дизельді отын тұтынып, жанар-жағармай жағады.

Бақытжан Тұрғынбаев, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі:

- Қазіргі таңда 10-ға жуық автокөлікті тоқтатып, бірнешесіне ескерту берілді. Егерде 1 жылдың ішінде ауаны ластау жағдайлары анықталмаған жағдайда ескерту беріледі. Екінші кезеңде айыппұл салынады. Экология департаментінің арнайы құралдары тұр. Солармен тексеріп, өздері көзімен көріп жатыр. Соны көру жағдайында келісіп жатыр бәрі.

Айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке тең. Бірақ тәртіп сақшылары мен экологтар көбіне ескертумен шектелді. Қоршаған ортаның тазалығы үшін көлік құралын талапқа сәйкестендіруді сұрады.

Светлана Фадеева қалалық экология департаменті сынақ зертханасының бас маманы:

- Бізге Е-өтініш платформасы арқылы көптеген арыз-шағым түседі. Тұрғындар таза ауамен тыныстауды талап етіп, жағдайды реттеуді сұрайды. Осы ретте көлік құралдарының да ауаны ластау көрсеткіші жоғары екенін айтқым келеді. Кеңес заманындағы көліктер мен үшінші санаттағы автокөліктерді тексердік. Ең бастысы - жүргізушілердің қоғамдық жауапкершілікті түсінгенін қалаймыз.

Жеке техникалық байқау орталығы сарапшыларының да пікірі осыған саяды. Олар «қала автопаркі жаңарғанымен көліктен шығатан зиянды қалдықтарға көбі мән бермейді», - дейді. Яғни ескі маркалы машинаның сүзгісі жарамсыз күйге жетсе, жаңасының катализаторы бөлшек саудада қызған.

Махамбет Қалымбет, техникалық байқау орталығының сарапшысы:

- Бізден өте алмай қалған жағдайда 10 күн ішінде соны жөндеп алып келеді қайтып. Біздер қайтадан тексеруден өткізіп, заттары тура болса қайтып жібереміз оны. Егесі өзі күтіп ұстауға машинаның әрі қарай ходовой частын, маторын, сұйықтық зат құйылғанына мысалы қазір әр жерден құйылып жатыр. Соған да байланысты көп нәрсе. Бізге байқауға келгеннен кейін, өткеннен кейін болды менің машинам жақсы демей әрі қарай күтіп ұстау өзіне байланысты. 

Заңнама талаптарына сәйкес көлікті техникалық байқаудан өткізу міндет. Бірақ анықтама автокөліктің жыл бойы қоршаған ортаны ластамайтынына кепілдік бермейді. Сондықтан сала мамандары алдын алу шарасын әр тоқсан сайын ұйымдастырады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов