Қызылордада арық жүйелерінің 90%-і қалпына келтіріледі

Қызылордада қаланы көгалдандыру мен тазалығына жауапты мекеме жұмысшылары арықтарды тазалап, гүлзарлардың топырағын жаңартты, деп хабарлайды 24KZ. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өткен шараға 400-ден астам тұрғын мен 100-ге жуық техника жұмылдырылды.

Биыл қаладағы арық жүйелерінің 90%-і қалпына келтірілмек. Сонымен қатар жергілікті климатқа төзімді ағаш түрлері егіледі. Былтыр облыс орталығында 84 көшенің арығы аршылып, жасыл желегі суарылды.

Гүлзинат Жұмабаева, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің сектор меңгерушісі:

- Жеке тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі арамшөптерін жұлып, қоқыс жәшіктерін сырлап, көше бойындағы ретсіз жатқан ірілі-ұсақты тастардың барлықтарын жинап, күл-қоқыстарынан тазартып, арық жиектерінің барлығына бірдей тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айбол Айдарбеков, «Жасыл Қызылорда» мекемесінің директоры:

- Былтыр бізге 8 мың көшет отырғызу тапсырмасы берілген болатын, артығымен 11 мың дана отырғыздық. Биыл енді 16 мың дана көшет отырғызатын болып жатырмыз. Көктемгі сенбілікте жүргізіп, ағаштарын отырғызамыз.