Алматы ауасына тарайтын зиянды заттардың 60% көліктерге тиесілі

Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін халықты жеке көліктерінен түсіріп, автобуспен қатынауға ынталандыру қажет. Урбанист мамандар осындай пікірде. Ол үшін ең алдымен қоғамдық көліктердің кедергісіз жүруіне жағдай жасалуы тиіс. Осы уақытқа дейін мегаполисте жеңіл автомобильдің еркін қозғалуына мүмкіндік жасалып келді. Нәтижесінде қалада машина көбейіп, кептеліс жиіледі. Статистикаға жүгінсек, Алматы ауасына тарайтын зиянды заттардың 60%-і автомобильдердің үлесіне тиеді. Белсенді топ осы мәселені шешу үшін қала әкімдігі мен мәслихатқа бірнеше ұсыныс әзірлеп жатыр.   

Алматылық Гүлмира Байғабылова урбанист маман. Ол қала құрылысын және оның экологиясын жақсарту жолдарын зерттейді. Оның айтуынша, мегаполисте кептелісті азайтудың бірден-бір жолы – қоғамдық көлікпен қатынау. Оған қоса әр шағынауданда әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарының ыңғайлы орналасуын қадағалаған жөн. Үйден шыққан адам мектеп, емхана мен  балабақшаға 15 минутта жетуі тиіс.

Гүлмира Байғабылова, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Тиісті жерге 15 минутта жаяу жете алсаң онда қаланың өте ыңғайлы болғаны. Тұрғындар жаяу жүре ме әлде велосипедпен жүре ме оны өздері таңдайды. Бірақ біз соған ыңғайлы орта жасауымыз тиіс. Мәселен, мен осы жерге Әл-Фараби даңғылымен жүретін автобусқа мініп келдім. Сенесіз бе? Қанша уақытым кептелісте кетті. Елдің барлығы жеке көлікке мініп алған. Жалғыз өзі бір машинада кетіп барады. Әрине, мұндай болса, кептелістен құтыла алмаймыз.

Урбанист кептелістің бірден-бір себебін осы уақытқа дейін жаяу жүргіншіге емес, жеке көліктің еркін қатынауына жағдай жасалғандықтан деп есептейді. Айналма жол, 2-3 жолақты жол, автотұрақ. Мұның барлығы жақсы-ақ. Бірақ бұл кептелісті көбейтпесе азайтпайды. «Енді жаяу жүргіншіні ойлайтын кез жетті», – дейді Гүлмира Байғабылова. Әрине қоғамдық көліктер бұрыннан бар. Бірақ жүйе дұрыс болмағандықтан ұзақ жүреді.

Гүлмира Байғабылова, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Біз басты орынға жаяу жүретін адамды емес, көлікпен жүретіндерді шығарып алдық. Соларға инфрақұрылымды ыңғайладық. Әрине, енді келіп біз жеңіл көлікке тыйым сала алмаймыз. Бірден тоқтату да мүмкін емес. Қоғамдық көлікпен жүру өте ыңғайлы болғанда өздері де көлікті тастап, автобусқа отырады. Шындап келгенде ауаны да біз өзіміз ластаймыз. Жеке көлік мінеміз.  Сапасы нашар жанармай құямыз. 

Қала әкімдігі болса «Қоғамдық көлік қызметін жақсартуда аянып қалып жатқанымыз жоқ», – дейді. Метро желісі ұзарады. Қазір салынып жатқан Қалқаман бекетінен өзге тағы 3 станция құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Оған қоса биыл Райымбек даңғылының бойынан  БРТ желісінің құрылысы басталады. Қашықтығы 17 шақырым.

Данияр Надырханов, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

- Райымбек даңғылының бойындағы БРТ желісі екі этаптан тұрады. Бірінші кезеңі бойынша 8 млрд құны. Екінші кезең бойынша 11 млрд болады. Бұл жерде толыққанды жолды ғана жасау емес, жолдың маңайындағы инфрақұрылымды жақсартуына, адамдар жүретін жолақты жасау, кеңістікті жақсарту, веложолақтарын жасау – сол жұмыстардың бәрі кешенді түрде қарастырылып жатыр.

Қоғамдық кеңес мүшелері мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Белсенді топ: «Әл-Фараби даңғылы сияқты күрежолдарда түгелімен автобус жолағы болуы тиіс», – дейді. Әзірге басқа жобаларға қарағанда ең тиімдісі осы деп санайды. Сондай-ақ халықты ынталандыру мақсатында мектеп оқушыларын қоғамдық көлікпен тегін тасымалдауды көтеріп отыр. «Егер қала көшелеріндегі жеке машиналардың нөпірі азайса, экологияда жақсарады», – дейді. Енді олар өз ұсыныстарын тиісті мекемелер мен қалалық мәслихатқа жеткізеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов