Қазақстанда өндірістік қалдықтың тек 11% өңделді
Былтыр елде 69 мың тонна күлді кәдеге жараттық. Жылу-электр орталықтарынан шыққан қалдық цемент пен бетон өндіруге жарап тұр.
Жалпы қазір ел аумағында 1 млрд 400 млн текше метр күл жатыр. Бірақ оның бәрі, әлгі айтқандай, өндіріске жарай бермейді. Себебі жылу орталықтарының дені жанбайтын қоспасы көп қоңыр көмір мен тас көмір жағады. Сондай-ақ күл құрамында сынап, қорғасын пен мышьяк көп. Ал күлді осы ауыр металдардан тазаласа, өнімнің құны қымбаттап шыға келеді. Енді бұл өндірістік қалдықтарды қалай қайта өңдеуге болады?
Өндірістік қалдықтың 11%-ы өңделді
Елде 55 млрд тонна өндірістік қалдық бар. Алайда былтыр оның 11%-ы ғана өңделді. Ал дамыған елдер мұндай қалдықтың 70-80%-ын кәдеге жаратып отыр. Бұл қалдықтар бағалы металға бай. Мыс пен жез, алтын мен күмісті көптеп өндіруге мүмкіндік мол. Олардың негізгі бөлігі Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қалдықтың 67%-ын түріне қарай бөліп, жүйелеу қажет. Тиісті жұмыстар аяқталған соң нақты тізім инвесторларға ұсынылады. Қазіргі таңда қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмыстар басталды.
«Бүгінде сирек металдар және сирек жер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жол картасы әзірленіп, инвентаризациялау жұмыстары басталды. Осы жұмыстар техногендік-минералдық қалдықтарды бағалауға, өңдеуге және экологиялық жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мыс, алтын, темір және басқа да шикізатты өндіру кезіндегі қалдықтар қайта өңделіп жатыр» — Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Қалдықтарды өңдеу моноқалалар үшін маңызды
Қалдықты қайта өңдеу Ұлытау облысында қолға алынды. Жергілікті компания жылына 12 мың тонна мыс өндіріп отыр. Бұл елдегі мыс өнеркәсібінің 3%-ы.
Жалпы кейінгі екі жылда қалдық өңдейтін 3 жоба іске қосылды. Жобалардың құны - 48 млрд теңге. Ал алдағы екі жылда тағы 4 кәсіпорын жұмысын бастамақ. Жобаларға 37 млрд теңге инвестиция тартылып отыр.
Жалпы өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдейтін 25 жоба қолға алынды. Мұнда 330 млрд теңге тартылды. Бұған дейін 8 кәсіпорын іске қосылды. Биыл 7 жоба жұмысын бастайды деген жоспар бар. Аталған жобалар моноқалаларға экологиялық жағынан да маңызды. Сондай-ақ жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейеді.
«Жүзеге асырылып жатқан жобалар экологиялық жағдайды жақсартуға және саланың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Техногендік-минералдық қалдықтар мәселесін шешу және арнайы өндеу орындарына жеткізу үшін заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр. Бұл әсіресе экологиялық проблемасы бар моноқалалар үшін өте маңызды. Бүгінде министрлік техногендік-минералдық қалдықтарды өңдеуге арналған арнайы лицензия енгізу мәселесін қарастырып жатыр» — Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
7 өңірде қалдықты өңдеу деңгейі төмен
Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі төмен. Мәселен, былтыр елдегі қоқыстың 30%-і өңделуге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде оның 26%-і ғана пайдаға асты. Яғни 4,5 млн тонна қоқыстың шамамен 1 млн тоннасы ғана өңделді.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 7 аймақта жұмыс ақсап тұрғанын мәлімдеді. Олардың арасында Ұлытау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласын ерекше атап өтті. Сонымен қатар «Қазіргі тариф қоқыс шығаратын кәсіпорындар шығынын жаппайды», – дейді министр. Сондықтан тарифтерді қайта қарау қажет. Негізінен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында тариф төмен болып тұр.
«Қолданыстағы тарифтер тиісті қызмет көрсету шығындарын өтемейді. Мысалы, Атырау қаласында әкімдік есептеген тариф мөлшері 527 теңге болса, мәслихаттардың халық мүддесін ескере отырып бекіткені – 379 теңге. Біз мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Онда тұрмыстық қалдықтар үшін шекті, яғни экономикалық тартымды тарифті бекіту көзделуде. Жеке серіктес ағымдағы және шекті тарифтің айырмасын утильтөлем есебінен алатын болады. Тиімділікті арттыру мақсатында біз шекті тарифтерді бекітуді әкімдіктердің құзіретіне береміз», — Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.
«EcoQolday» бағдарламасы іске қосылды
Үкімет қалдық өңдейтін кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында «ЕсoQolday» бағдарламасын қайта іске қосты. Биыл бағдарламаға 9 млрд теңге қарастырылды. Бұл жерде өңделген өнім түріне қарай қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл қайта өңделген полимер қалдықтарының бір тоннасына 71 мың теңге төленеді.