Каспийден итбалықтың өлекселері табылды
Маңғыстаулық шекарашылар теңіздің Құлалы аралынан екі шақырым жерде торға шырмалған 7 итбалықты кезіктірді.
Олар браконьерлер құрған ауға ілігіп, бірнеше тәулік қорексіз қалған. Итбалық өлекселерінің қатты бүлінгені осыны аңғартады. Жалпы 20-ғасырдың басында Каспий теңізін 1 миллиондай итбалық мекен еткен. Ал соңғы жылдары жүргізілген әуе саНақтары олардың 300 мыңға дейін азайғанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, теңізге заңсыз ау-құралын құру теңіз сүтқоректілерінің жаппай қырылуына себеп боп отыр.
Андрей Руцкий, балық инспекциясы басқармасының бас маманы:
- Браконьерлік торды судан шығару кезінде өлі 7 итбалық пен 4 бекіре табылды. Олар құрлыққа жеткізіліп, жойылды. Заңсыз ау-құралы Түпқараған аудандық полиция бөліміне жеткізілді. «Бекіре-2025» жедел алу шарасы аясында Каспий теңізінде шекарашылармен бірлескен рейд жалғасып жатыр.