СҚО-да 70 саябақ абаттандырылады

Солтүстік Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 70 саябақ абаттандырылады, деп хабарлайды 24KZ. Экобелсенділер жазға дейін тарихи-мәдени орындарды қоқыстан тазартып, айналасын ретке келтірмек. Өңірде жалпыұлттық экологиялық бастама бойынша тағы қандай шаралар өтіп жатыр?

Бұл Петропавлдағы халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мүсіні. Ескерткіштің маңы қыстан кейін шашылып жатыр. Қолына күрек-кетпен алған студенттер айналасын әп-сәтте ретке келтіріп, қоқыстан тазалады.

Шырайлым Нұрқанова, студент:

- Қаламыздың әдемі әрі көрікті жерлерін жинауға келдік. Біз қазіргі таңда Ғабит Мүсірепов атындағы ескерткіштің маңын жинап жатырмыз және де осындай акциялардың көп болғанын қалаймыз. Себебі қаламыз таза әрі көрнекті болу керек деп ойлаймыз.

Осындай сенбіліктерден бөлек, петропавлдық жастар «Табиғат білгірлері» атты зияткерлік ойынын ұйымдастырды. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

Жұлдыз Шәкірова, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

- Ол викториналық сұрақтар. Табиғатқа байланысты, қоршаған ортаны қорғауға байланысты әртүрлі сұрақтар болады. Сол сұрақтар конкурс арқылы қорытынды бойынша 1,2,3 жүлделі орындар мен сый-сияпаттар болады.

Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 130 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылды. Былтыр абаттандыру жұмыстарына 7,6 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков