Президент: Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың парызы

akorda.kz

Таза Қазақстан – таза болашақ кепілі. Өткен жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен елде «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл игі бастамаға 6 млн-нан астам отандасымыз қатысып, 1 млн 100 мың тонна қоқыс жиналды. Экологиялық акцияға негізінен жастар белсенді қатысты. Бүгін елордада бастау алған экофестивальде Президент осы жастармен кездесіп, олардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады. Табиғатты аялау әр азаматтың қасиетті парызы екенін айтты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – ел болашағына деген жанашырлықтың, табиғатқа деген тағзымның жарқын көрінісі. Бұл тек сенбілік немесе тазалық жұмыстары емес, бұл ұлттық сананы оятатын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, әр азаматтың жүрегіне табиғатты аялау сезімін ұялататын игі бастама.

Табиғатты қорғауға және қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болды, әсіресе жастар ерекше ықылас танытты. Қазіргі уақытта «Таза Қазақстан» ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын қозғалысқа айналып, бірлікті арттыратын жақсы дәстүр ретінде қалыптасты. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөздің мәнін ұғындырған бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде жүзеге асырылды. Аталған шара аясында республика бойынша 183 түрлі экологиялық акция ұйымдастырылды.

Былтыр сәуір айында Президент бастамасымен қолған алынған «Таза Қазақстан» акциясы ел арасында үлкен қолдау тапты. Осы күнге дейін игі шараға қатысушылардың саны 6 млн-нан асты. 1,8 млн га аумақ тазартылып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды. 1,6 млн астам жасыл желек отырғызылды, 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қалпына келтірілді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Алдағы уақытта әлі көптеген шара бар. 2 млрд ағаш отырғызудың аясында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлерде 4,5 млн орман қорында көшеттер отырғызды. Ол тұқымнан өсіп шыққан бойы 25-30 см сондай көшеттен 4,5 млн отырғыздық. Ол да үлкен жұмыс. Одан бөлек, 3 күнде қалаларда 20 мыңдай ағаш отырғыздық.

Атқарылған жұмыс ауқымды. Соның біразы бүгін «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрме барысында Мемлекет басшысына таныстырылды. Мұнда қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары қойылған. Экологиялық ауқымды жобалардың бірі – литий-иондық батареяларды қайта өңдеу. Бұндай зауыт былтыр Алматы қаласында ашылған болатын. Қазір әлемде 193 мемлекеттің тек 29-ы ғана батареяларды қайта өңдей алатын технологияларға ие. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

Фархаджан Юнусов, кәсіпорынның техникалық директоры:

- Мынау кішкентай батареяға 120 литр су кетеді. 2,3 киловатт энергия, 30 кг руда. Егер батереяны дұрыстап өңдемесе, өте үлкен зиян болады. Денсаулыққа, экологияға. Біздің өндірістік қуатымыз 500 тонна.

Ал Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушылары Президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға қатысты жобаларын таныстырды. Ұсынған бастамалары өте ерекше. Бұнда тазалық пен қатар қауіпсіздік те қарастырылған.

Айзат Ержанқызы, оқушы:

- Есіл өзенінің тереңгі қабатында, яғни көрінбейтін қабатында қаншама қоқыстар бар және осы Есіл өзені қоқыстардың барлығынан зардап шегіп жатыр. Осы қоқыстарды тастайтын басты күш – ол адамзат.

Нұрбақыт Ермекұлы, оқушы:

- Осы Есіл өзені жылына бір рет тазартылады. Ал оны 5-6 рет тазартылатын болсақ Есіліміз тазарады. Біз қорғаныш темірлерін орнатсақ, олар желмен ұшқан қалдықтарды және адамдар тастаған қоқыстарды 60-70% болсын, ұстап тұруға септігін тигізеді. Сондай-ақ жаз мезгілінде жасөспірімдердің суға түсіп, түрлі жағдайлар болуынан қорғайды.

Айта кету керек, бұл экологиялық акцияға жастар өте белсенді қатысты. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша шығармашылық байқау ұйымдастырылған болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам оқушы қатысты. Бүгінгі шара барысында сол конкурстың жеңімпазы атыраулық оқушы Аружан Ғалымжан Президентке суды үнемдеуге үндейтін суреттерін көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы жейде мен шоперді сыйлады. Жалпы бүгінгі шара барысында 20 өңірден келген экобелсенділер Президенттің алғысын да алды.

Ақерке Қызайбай, Қазақстан Студенттер альянсының Жетісу облысы бойынша төрағасы:

- Алдыңғы жылдан бері бізде түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Бізде «7 өзен» атты үлкен жоба қолға алынды. Жетісу жеріндегі 7 өзен бойында сенбіліктер өткізіледі. Одан бөлек, бізде жатақхана мен көше бойларында ағаш егіледі. Атап өтетін болсақ, жатақхана аумағында 100 түп ағаш еккенбіз.

Бүгінгі «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара. Оның маңызы да өте зор. Жастар алдында сөз сөйлеген Президент тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірін бөлісіп, қоршаған ортаны таза ұстау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» бұл бір күндік науқан емес. Бұл біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің де еңбегін елеусіз қалдырмай, ерекше атап өтті. «Таза Қазақстан» экобастамасына 230 мыңға жуық ерікті қатысқан болатын. Бұл акциядан кәсіпорындар да шет қалмады. Тонналап қоқыс шығаруға барлығы бірдей атсалысты. Ал осы бастама аясында елде «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы да бүгінде игі дәстүрге айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі.

«Табиғат – адамзаттың мәңгілік мекені, өмірдің өзегі. Жер – біздің ортақ үйіміз, ал оның әр бұлағы мен гүлі – сол үйдің шырағы. Сондықтан табиғатты аялау – жай ғана тілек емес, әрбір азаматтың ар алдындағы қасиетті міндеті. Мұны әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті», – дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді.

Президент жастар ұсынған жобаларға тәнті болғанын жеткізіп, әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынын айтты. Онда жердің құнарын сақтай отырып, табиғатқа мол пайда тигізу, агроробот жасау стартапы мен қалаларды көгалдандыру бастамалары да бар. Мемлекет басшысы бұндай жобалар қазақ жастарының жасампаз болмысы көрінетінін, ел мен жерге шынайы жанашырлығы білінетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметтті жастар, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын!

Табиғат жанашырларымен бірге Президент фестиваль аясында «Жастар» саябағында ағаш екті. Мемлекет басшысы Қазақстанның кемел келешегі – білімді де білікті, ниеті биік жастардың қолында екенін айтып, ел тізгінін ұстар ертеңгі ұрпаққа зор үміт артып, олардың бастамаларына қолдау білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомар Тоқаев осы маңда елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспарымен де танысты. Биыл Астанада 1 миллионнан астам ағаш отырғызу және 180-нен аса қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тарихи көшелерде, саябақтарда, Есіл жағалауында және қаланың басқа да маңызды аумақтарында жүргізіледі. Сонымен қатар, ағаштарды цифрландыру мен құжаттандыру қолға алынып, тұрғындар QR-код арқылы әр ағаш жайлы ақпарат алып, тиісті органдарға өтініш бере алады.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев