Мұнайлыда тазалық шарасы өтті

Маңғыстаудағы ең жас аудан Мұнайлыда кезекті рет тазалық шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жолы «Tazalaik Fest» деп аталған игі бастамаға 400-ден астам адам жұмылды.

Таңсәріден аудан халқы тайлы-таяғы қалмай, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен бірлесе 11 аумақта санитарлық тазалық жұмысын атқарды. Жарты тәулік ішінде 40 тонна қоқыс жиналып, 8 жүк көлігімен арнайы полигонға тасылды. Сондай-ақ Маңғыстау ауылында орталық саябақта және көше жолдарының жиегіне 145 тал көшеті егілді. Көпшілік ағаштардың түбін әктеп, жас шыбықтарды суарды.

Айта кетсек, «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында жоспарлы іс-шаралар Мұнайлыда жылдың соңына дейін жалғасады. 

Шапай Әбілов, Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Халқымызға, мына еліміздегі жастарымызға үлгі ретіндегі осы көгалдандыру жұмыстары – сол «Таза Қазақстан» акциясындағы тапсырманы жүзеге асыру бағытындағы мәселе. Осы егілген ағаштарымызды келешекте суарып, соның көгеруін қадағалап көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғаса берсін деп тілейміз. Жұмысымызға сәттілік, баршаңызға амандық тілеймін.