Қостанайлық оқушылар «Таза Қазақстан» байқауында жеңімпаз атанды

Қостанай қаласындағы экобелсенділер «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен ұлттық байқауда жеңімпаз атанды. Білім беру мекемесінің өкілдері «Экологиялық ағарту және ақпараттандыру» аталымы бойынша марапатталды. Бұл мектеп жанындағы «Жасыл клуб» мүшелерінің еңбегі. Олардың қатарында оқушылар да бар.

«Жасыл клуб» құрамында №7 мектептің 30-дан аса жоғары сынып оқушысы бар. Олардың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу. Бұл бағытта әзірлеген арнайы бағдарламалары да бар.

Илья Нусс, мектеп парламентінің президенті:

- Біз мектеп қауымдастығында экологиялық тәрбие жұмыстарымен айналысамыз. Ақпараттық фракциямыз арқылы афишалар мен парақшалар таратамыз. Instagram парақшамыз, YouTube арнамыз бар, сол арқылы «Жасыл клубтың» жаңалықтарын бөлісеміз.

Бастауыш сынып оқушыларына экология туралы ақпарат түрлі ойын мен сауалнамалар арқылы жеткізіледі. Байқаулар ұйымдастырылып, арнайы жүлде тігу дәстүрге айналған.

Лейла Алакова, Қостанай қаласы №7 мектебінің «Жасыл клуб» мүшесі:

- Біз макулатура мен пластик қақпақтарды жинау арқылы мектеп кітапханасын жаңа кітаптармен толықтырамыз. Сонымен қатар жаңа ойындар сатып алынады. Осы арқылы біз балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоқыс тастамау керектігін ұғындыруға тырысамыз.

Бұл оқу ошағында 1400-ден астам оқушы білім алады. Экологиялық ағарту және ақпараттандыру бағытындағы үздік бастама үшін мектеп «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы байқауда жеңімпаз атанды.

Светлана Третьяк:

- Біз мектептің «Жасыл клубы» аясында атқарылған барлық жұмысты көрсетуді мақсат еттік. Осы жұмыс арқылы оқушылар ғана емес, бүкіл қала тұрғындарына табиғатты сақтау мен дұрыс көзқарас қалыптастыру жолдарын түсіндіреміз.

Мектеп ауласы жайқалған жасыл желекке айналған. Бұл ағаштарды мектеп оқушылары егіп, күтімін жасаған. «Бүгінде бұл саялы орындарға  жақын маңдағы ықшамаудан тұрғындары да келіп серуендегенді ұнатады»,дейді ұстаздар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Строкова, Ермек Мұхамедияров, Сергей Хаймин