Өскеменде заңсыз қоқыс үйінділері көбейді

Қаланың айналасы қатты тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен, деп хабарлайды 24kz.

Қар еріген соң, жеңіл қоқыс желмен ұшып жатыр. Жергілікті экологтар сәуір айының өзінде 50-ден астам қоқыс үйіндісін анықтады. Қазір ол жерден жүздеген текше метр қалдық сыртқа шығарылды. Облыс орталығында арнайы мобильді топтар құрылып, қадағалау жұмыстары күшейтілді.

Облыс орталығындағы көпқабатты үй аулаларындағы қазіргі көрініс осындай. Үйіліп жатқан қоқыстан көз сүрінеді. Контейнерлер ауыз-мұрнына жетіп, жерге төгіліп жатыр. Осыған байланысты тұрғындар қалдықтарды қала сыртына шығаруға мәжбүр. Бірақ ол жақта да қоқыс төгетін орын жоқ.

Елена Березинская-Әбілова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жетекшісі:

- Құрылыс қалдықтарының полигоны әлі күнге дейін рұқсат алған жоқ. Енді тұрғындар қайда апарып төгеді. Бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет.

Ал шаһардағы ескі полигон 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жергілікті билік жаңасын салатын жерді таңдап жатыр. Қазір 7 учаске анықталды. Жаңа жоба қоқысты кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.

Замира Мұрсәлімова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазір жаңа полигон үшін жер анықтап жатырмыз. Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылды. Ең бастысы, қоршаған орта мен полигонның тұрған жеріне назар аударамыз.

Шығыс Қазақстан облысында кем дегенде 5 қоқыс полигонын салу жоспарланған. Ал ел бойынша 100-ден аса орын қажет. Экология министрлігінің мәліметінше, қазір 3 мың полигонның тек 624-і санитарлық талапқа сай келеді. Салдарынан тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі жерге сіңіп, 40%-і ғана өнделеді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин