Әлемдік футбол жұлдыздары Астанада ағаш отырғызды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына әлемге танымал тұлғалар да үлес қосты. Бүгін есімдері жаһанға белгілі футбол майталмандары, Кристиан Дзаккардо мен Дуглас Майкон елордадағы саябаққа ағаш отырғызды.

Әлемдік футболдың жарық жұлдыздары Кристиан Дзаккардо мен Дуглас Майкон «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты. Танымал футболшылар елордадағы Ботаникалық саябақта ағаш көшеттерін отырғызды.

Кристиан Дзаккардо, Италия футбол құрамасының экс-ойыншысы:

- Біз бүгін қаладағы жасыл желектің санын көбейтуге өз көмегімізді тигіздік. Ағаштар біздің планетамыздағы экологиялық тұрақтылықты сақтауда маңызды екені сөзсіз. Астанадағы тал-дарақ саны алдағы уақытта көбейе беретініне сенімдімін. Өйткені бұл бағытта елде үлкен жұмыс жүріп жатқанын көрдім.

Қос футболшы бүгін «Астана Аренадағы» «Аңыздар матчына» қатысуға келген еді. Бұл ойында Қазақстан футбол құрамасының бұрынғы ойыншылары мен белгілі еуропалық клубтардың экс-мүшелері кездесті. Өз кезегінде Дуглас Майкон да ойын алдында маңызды іс-шараға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.

Дуглас Майкон, Бразилия футбол құрамасының экс-ойыншысы:

- Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын және сіздердің елге жолым түскеніне қуаныштымын. Бүгінгі іс-шараға қатысуға қуана-қуана келістім. Астананың көркеюіне өзімнің үлесімді қостым. Келесі сапарымда бұл ағаштардың жайқалып тұрғанын көргім келеді.

Экологиялық акцияға жастар да белсенді үн қосып отыр. Бүгін астаналық жастар орталық саябақта жалпыұлттық марафонды қолдап, ел халқын қоршаған ортаны қорғауға, сенбіліктерге қатысуға шақырды.

Айта кетейік, ертең елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтеді. Экоакция қала көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуды көздейді.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ділмұрат Сейдаханов