Астанада жас теннисшілер табиғатты аялауға үлес қосты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке «Даулет» теннис орталығының жас спортшылары мен ұжымы белсене қатысты. Табиғатты аялау мен айналаны таза ұстауға үндеген игі шарада олар орталық аумағын ретке келтіріп, жазғы маусымға дайындық жасады.

Бүгін «Даулет» теннис орталығының ауласы ерекше бір күйге енді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілік күні жас теннисшілер мен орталық қызметкерлері бірігіп, аумақты тазарту жұмыстарын жүргізді. Олар ракеткаларын бір сәт шетке қойып, қолдарына күрек пен тырнауыш алып, ауланы жинап шықты.

Гүлнәз Жұмабекова, «Дәулет» теннис орталығының бөлім әдіскері:

- Сенбілік барысында мекеменің айналасына ағаштар отырғызылып жатыр. Сонымен қатар барлық корттарды тазалап, жуып, осы сенбілікке бәріміз атсалысып жатырмыз. Негізі жыл сайын сенбілікке әр уақытта қатысып тұрамыз.

Қыс бойы жабық алаңда жаттыққан жас теннисшілер енді жазғы маусымда дайындықтарын ашық аспан астында жалғастырады. Ол үшін орталық маңындағы корттар жуылып, ретке келтірілді.

Василий Куцан, жаттықтырушы:

- Бүгін біз балалармен бірге жазғы корттарымызды ретке келтіруге шықтық. Бұл алаң жуылып, тазаланады. Кейін техникалық тұрғыдан әзірлейміз. Енді біз балалармен ашық аспан астында, таза ауада жаттығуымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта жарыс көп. Соған тыңғылықты дайындалу қажет. Болашағынан үміт күттіретін жасөспірімдер жетерлік.

Бүгінгі сенбілік барысында орталық маңы тек қоқыстан тазартылып қана қоймай, жас көшеттер де егілді. Бұл табиғатқа деген жауапкершілік пен ұжымдық рухтың жарқын көрінісі. Енді жас теннисшілер ашық аспан астында, таза ауада емін-еркін жаттығуларын пысықтайды.

Авторлары: Риат Шони, Қанат Махмұтов