Бурабай ауданының студенттері Қатаркөлдің жағалауын қоқыстан тазартты
Ақмола облысындағы Бурабай ауданының студенттері Қатаркөл көлінің жағалауын күл-қоқыстан тазартты, деп хабарлайды 24kz.
Шомылу маусымы қарсаңында жағажай аумағы ретке келтірілді. Тұрмыстық қалдықты жинауға 50-ге жуық адам шықты. Жалпы курортты өлкеге жылына миллиондаған турист демалуға келеді. Сондықтан жергілікті билік алдағы уақытта барлық өзен-көлдің жағасын жинап, тазартуды жоспарлап отыр.
Мерей Рамазан, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
- Бурабай ауданында көлдер өте көп. Жалпы Бурабай ауданының жастары, студенттері өздерінің артын міндетті түрде тазалап жүреді. Енді осы мақсатты туристерге түсіндіру жұмысын атқарып жатырмыз.
Береке Базаркенов, студент:
- Бурабай көлі, Қатаркөл көлдері бізге бұрыннан келе жатыр. Оны таза ұстау үшін, біріншіден, өзіміз ластамау керекпіз. Өзіміз ластамасақ, көліміз таза болады және келешек ұрпаққа таза болып қалады.