Ақтөбе оқушылары бір тонна макулатура жинады
Ақтөбе оқушылары бір күнде бір тонна макулатура жинап, қайта өңдеуге өткізді, деп хабарлайды 24KZ. Екі мыңға жуық оқушы қатырма қағаздар, ескі газет-журналдар сияқты тұрмыстық қалдықтарды арнайы қабылдау орындарына тапсырды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама жастардың табиғатқа деген құрметін арттырып қана қоймай, экологиялық әдеп пен саналы тұтыну дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді. Тұрмыстық қалдықты сұрыптау арқылы олар қайта өңдеу және қалдықсыз өмір салты туралы маңызды білім алды.
Айару Молдағали, оқушы:
- Бізде жалпы мектепте 70 класс бар. Әрқайсысы 20-30 келіден жинап, жалпы 700-800 келі макулатура тапсырамыз деп ойлағанбыз. Бірақ осы жобаға өзіміздің ата-аналарымыз да, барша мұғалімдер де атсалысып, біз ойлаған мақсаттан да асып, тонна маккулатура жинадық. Біздің осындай игі бастамамен аз да болсын үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын.