Атырау облысының шаруалары су үнемдеу технологиясын қолданады
Атырау облысындағы шаруалардың 90 пайызы су үнемдеу технологиясын қолданады.
Биыл 9600 гектар жерге егілетін егіннің 5100 гектары тамшылатып суару әдісімен, қалғаны жаңбырлату арқылы суарылады. Егіншілер бұл әдістердің оңтайлы екенін айтады. Әрі суды үнемдеуге де қолайлы. Бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірқатар өңірде құрғақшылық болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Үкімет басшысы тиісті шараларды алдын ала қабылдап, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысын жандандыру керегін атап өтті.
Махамбет ауданындағы шаруа қожалығы биыл 120 гектар жерге дән септі. 12 гектарға жуа, 2 гектарға сәбіз және 20 гектарға картоп екті. Енді осы айдың соңына қарай қызанақ, тәтті бұрыш егуді жоспарлап отыр. Қазір алқапта 40 адам жұмыс істеп жүр. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруалар 11 жылдан бері егінді тамшылату әдісімен суарады.
Айдос Байниязов, агроном:
- Тамшылатып суару, еккен егіннің түбіне ғана барады су. Берген азықты еккен егіннің өзі жейді. Тағы бір артықшылығы - жердің қисық, сай-ойына қарамайды. Түгел сала береміз. Былай суарғанда биік жерге су шықпай қалады. Сай жердегілерді су алып кетеді.
Биыл өңірде 9653 гектарға егін егіледі. Оның 5100-і тамшылату әдісімен, 4500 гектары жаңбырлату әдісімен суарылады. Бұл егіннің бітік шығуына мол мүмкіндік береді,- дейді шаруалар. Былтыр тұтынған 3 млн текше метр суға жергілікті әкімдік субсидия төлеген. Биыл да бюджеттен 345 млн теңге қаралып отыр.
Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
-Өткен жылы 50-ге жуық шаруа қожалыққа су көзін субсидиялауға қаражат төленді. Сол жылы 3 млн куб метр су алды. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш артатын болады. Өткен жылы, бәрімізге мәлім, тасқын су салдарынан шаруа қожалықтары зардап шегіп, егілмеген жерлер орын алды. Өңірде су үнемдеу технологиясына, айтатын болсақ, жалпы 90 пайыз көшті деп айтуға болады.
Облыс бойынша биыл 240-тан аса шаруашылық егін егеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен биыл 900 тоннадан астам тыңайтқыш, 3 мың тоннаға жуық тұқым жеткізілген.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин