Павлодар облысында 25 заңсыз қоқыс полигоны анықталды
Павлодар облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған бір жылда 11 мыңнан аса әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды 24kz.
Олардың барлығы да абаттандыру ережелерінің бұзылуы мен қоғамдық орындарда тазалық нормаларының сақталмауымен байланысты. Бұл бағыттағы профилактикалық шаралар күн сайын тұрақты түрде жүргізілуде. Алайда Павлодар қаласында қатты және ірі көлемді құрылыс қалдықтарын қабылдайтын арнайы қоқыс полигонының жоқтығы өзекті мәселеге айналып отыр. Қазіргі қолданыстағы қалалық полигон тек тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған. Осыған байланысты құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар, ұйымдар мен қарапайым тұрғындар құрылыс қалдықтарын қаланың шет аймақтарына төгуге мәжбүр. Рейдтік іс-шаралар барысында 25 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. Табиғатты қорғау полициясы экология департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға апатты қоқыс алаңдарын жою бойынша тиісті хаттар жолдады.
Дәурен Қабышев, Жергілікті полиция қызметі ПД Табиғатты қорғау полициясының инспекторы:
- Осы бағытта тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Құқық бұзушылар анықталып, олардың бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ қазіргі таңда біз тап болып отырған басты проблемалардың бірі – қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинауға арналған арнайы полигонның болмауы. Мұндай нысанның жоқтығы салдарынан стихиялық, яғни, жасырын қоқыс полигондары пайда болуда. Рейдтік іс-шаралар барысында қалалардың шет аймақтарында, тұрғындардың көзіне көрінбейтін жерлерде осындай заңсыз қоқыс орындары жиі анықталады.