Жамбыл облысында 300-ден астам қоқыс үйіндісі жойылды

Жамбыл облысында жыл басынан бері 300-ден астам бейберекет қоқыс үйіндісі жойылды, деп хабарлайды 24kz.

Тұрмыстық қалдықтардың жиналған орындары ғарыштық мониторинг арқылы анықталған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгін Тараз қаласында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке 100-ден астам адам қатысты. Ғасырлық тарихы бар «Мамыр» тоғайында облыстық прокуратура мен түрлі басқарма өкілдері бірігіп, арамшөптерді, қураған ағаштарды және жиналған қоқысты тазартты. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 6 мың тоннадан астам қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылған.

Нартай Егембердиев, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және ТПР басқармасының басшысы:

- «Таза Қазақстан» акциясы өңірімізде белсенді түрде жалғасын табуда. Бүгінгі іс-шарамыз да соның бір дәлелі. Жалпы Жамбыл облысы әкімдігімен Жамбыл облысының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тақырыбы аясында осы іс-шараны ұйымдастырып отыр.