Нөсер жауыннан кейін Қарағанды көшелерін су басты

Қазгидрометтің мәліметінше, Қарағандыда бір айлық мөлшердегі жауын жауған.

Нөсерден соң қаланың көшелерін су басты. Коммуналдық қызмет жұмысты күшейткенімен су жеке үйлердің ауласына кірді. Тіпті қатты зақымданған үйлер де бар.

Нөсер жауыннан соң Александр Митрофановтың үйін тізеге дейін су басты. Жиһазы, тұрмыстық техника түгел жарамсыз болып қалған. Егер көшеде суағар дүрыс болғанда мұндай жағдай туындамаушы еді,-дейді зейнеткер.

Александр Митрофанов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Көшедегі суағарды жөндеуді бастаған. Бірақ дұрыс салмаған. Аса көп мөлшерде су келгенде ағып үлгермейді. Суағар бойы тар. Бітеліп қалады. Тұрмыстық техника, заттарымыз түгел жарамсыз. Тіпті құжаттарымыз да суға кетті. Енді оны қайта рәсімдеу керек.

Жаңбырдан қаладағы біраз көшені су басты. Жаяу жұрт үйіне жете алмай әуреленді. Кейбір ықшам аудандарда біраз уақыт жарық болмай қалды. Бағдаршамдар істен шығып, көлік қозғалысы да қиындаған. Егер қалада суағар жүйесі дұрыс жұмыс істесе мұндай жағдай болмас еді, дейді жұртшылық.

Қаладағы мына Бадин көшесіндегі үйлердің ауласына түгел су кірді. Былтыр мұнда асфальт төсеген. Алайда суағар жасалмаған.

Ал қала билігі берген мәлімет бойынша суағар жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұр. Нөсерге байланысты қосымша құдықтарды ашқан. Соның арқасында жағдай біраз тұрақталыпты. Шамадан тыс көп су болғандықтан осындай ыңғайсыздық туындады,-дейді әкімдік өкілдері.

Рүстем Қожақапанов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

- Таңғы 8-ден кешкі сегізге дейін 42 мм жаңбыр жауды. Айлық норма бізде 43 мм. Мұндай жаңбыр болса нөсер әрине үлгірмейді. Биыл бізде 500 миллион теңге бөлінді. Жаңағы құбырларды тазарту, ауыстыру жұмыстарына.

Қазгидрометтің берген мәліметінше, Қарағандыға бір айлық мөлшердегі жаңбыр жауған. Коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істеді. Үйлер мен көшедегі суды ағызу жұмыстарына 80 адам, 60 арнайы техника жұмылдырылған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит