Ақтөбе жастары су айдынының жағалауын тазартты

Ақтөбелік жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында су айдынының жағалауын ретке келтірді, деп хабарлайды 24KZ. Экологиялық шараға Жастар ресурстық орталығының мамандары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты. Олар демалыс аймағын қоқыстан тазартып, 50 қап қалдық шығарды.

Бұл шара бір күнде барлық ауданда өтті. «Оның басты мақсаты – қоршаған ортаны ұқыпты ұстап, халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру», – дейді ұйымдастырушылар.

Ақнұр Қонысбай, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

- Жазғы демалыс кезінде халық көбіне су жағасын ластайды. Сол халыққа айтарым: табиғатымызды аялайық. Барлығы өз қолымызда. Бірінші өзімізден тазалықты бастасақ, біздің қаламыз да, еліміз де таза болады.