Балқаштың байлығын қорғаған мамандар

Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жыл басынан бері қырықтан астам рейд өткізді.

Табиғатты қорғау заңын бұзғандар тиісті жазасын алды. Жалпы Балқаштың байлығын қору оңай емес, дейді мамандар. Заңсыз қармақ салып, Қызыл кітапқа енген балық түрлерін аулайтындар аз емес. Тәжірибелі инспектор Айдархан Мырзалы осы салада ширек ғасырдан астам қызмет етеді. Еңбек адамы өзінен кейінгі жастарды осы кәсіпке баулып жүр. 

Айдархан Мырзалы балық қорын қорғау саласында 26 жылдан бері қызмет етеді. 1999 жылы Төменгі Іле балық инспекциясының бас маманы қызметіне кіріседі.  Жұмыс істей жүріп, Балқаштағы колледжде, кейін  аграрлық университетте «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша білім алды. «Өзім Арал теңізінің жағасында туып өскендіктен балық шаруашылығы жаныма өте жақын кәсіп», – дейді ол.

Айдархан Мырзалы, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторы:

- Біздің жұмыс әркезде қызу. Күн демей, түн демей, қыс демей, жаз демей, өйткені біздің жұмыс табиғатпен байланысты болғаннан кейін жыл басынан өз басым 40-тай рейдтік шараға шыққан шығармыз. Күнделікті шығамыз ғой біз. Күнара, екі күнде бір шығамыз ауа-райына байланысты. Сол нәтижемен менімен 20 хаттама толтырылды. Бір іс сотқа түсті.

Балқаш көліндегі заң бұзушылықтың көбі балық аулау ережелерін дұрыс сақтамаудан болады. Балықшылар рұқсат қағазы мен ау құралдарында арнайы белгі болмаса да көлге шығып кетеді. Инспекторлардың ең басты міндеті – Балқаштың байлығы  балықты қорғап, көбейту. Өйткені мұнда Қызыл кітапқа енген бекіре, Балқаш алабұғасы мен қаяз балығы мекендейді. 

Айдархан Мырзалы, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторы:

- Тірідей суға жіберуі керек балықшыларға түсіп жатса егер де. Кәсіби аулайтын балықшылар ондай балық түсетін болса, өздерінің жаңағы журналдары бар, промысловой журнал дейміз, соған заметка жасап, жазады. 

Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Төменгі Іле бөлімінде 25 балық аулау мекемесі тіркелген. Сол себепті мұда білікті, тәжірибелі мамандар аса қажет. Өйткені олардың жас инспекторларға берері мол.

Алмат Асхатұлы, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторы:

- Менің енді жұмысқа кіргеніме көп болған жоқ, екі жылдай уақыт болды. Осы екі жыл уақыт аралығында біраз нәрсе үйрендім. Айдархан аға арамызда қазір ең үлкені сол кісі. Жұмыста енді мықты. Білетіні көп, бізге үйретіп жүреді бірге жүрген кезде. Заң бұзушылармен сөйлескен кезде де "былай сөйлеу керек, бірінші былай сөйлеу керек" дейді. Ол да психология. 

Айдархан Мырзалы қоршаған ортаны қорғауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан нағыз еңбек адамдарының бірі. «Қазір заң қатал. Сондықтан бейберекет балық аулау дерегі барынша азайды. Біз бұл жолда алдағы уақытта да аянбай қызмет етуге әзірміз», – дейді ол.

Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов