Сырдария мен Әмударияның суы азаяды

Енді үш жылда Әму мен Сырдың суы 15-20 пайызға азаяды.

Себебі сол жылы Ауғанстан «Куштепа» каналын іске қосады. Тәліптер жобаны 2021 жылы бастады. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұны неге айтып отыр дейсіздер. Өйткені каналдың табаны бетондалмайды. Бұл судың көп бөлігі барар жеріне жетпейді, босқа жерге сіңіп рәсуа болады. Оның үстіне тәліптер жоғарыдан келетін судың бір бөілгін жырып әкеткен соң, төмендегі теңіз, көлдерге келетін су азаяды.

Енді Орталық Азия мемлекеттеріне Ауғанстанмен келісу арқылы тіршілік нәрін бөлуден басқа амал жоқ. Себебі трансшекаралық өзенді пайдалануға тәліптердің де құқы бар.

Куштепа - көлемі 285 текше шақырымдық болашақ қойма. Бұл сумен Ауғанстанның 550 мың гектар алқабын суару көзделіп отыр. Бір ескеретін дүие, топырақтың 300 мың гектары дәнді дақыл егуге жарамсыз. Мамандар оған қашна су құйса да, дәнді дақыл шықпайды-деп отыр. Алайда оны тәліптерге дәлелдеп жеткізетін ешкім жоқ. Ауғандар барлық халықаралық ұйымдармен ат құйрығын кескен.

Равшан Назаров, су ресурстары бойынша сарапшы:

- Халықаралық нормалар бойынша Ауғанстан бұл істі жүзеге асыра алады. Бірақ Әмударияда бұрынғыдай ресурс жоқ. «Куштепа» арнасын қазу жобасы әзірленген кезде жағдай басқаша еді. Жоба Орталық Азияның су жетіспеушілігін қиындата түседі. Өзбекстан ғана емес, Түрікменстан зардап шегеді. Арал маңының экологиясы нашарлайтыны анық.

2024 жылы су үнемдей алмайтын мемлекеттердің әлемдік рейтингісі жарияланды. Онда Орталық Азия елдері тізімнің алдыңғы ондығынан көрінді. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Демек су үнемдеу мәдениеті бізде әлі қалыптаспаған. Әмудария мен Сырдария өзендерінің жыл өткен сайын арнасы тарылып, жоғарыдан келетін тіршілік нәрінің көлемі азайып барады. Климаттың өзгеруінен Тянь-Шань тауының мұздықтары жылдам еріп жатыр. Бұл екі өзенге құятын судың 25 пайызына тең.

Тахир Маджитов, Өзбекстандағы "Сушы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда, біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттері мүдделі болуы қажет.

Орталық Азия елдері үшін су мәселесі жыл өткен сайын күрделене береді. Себебі кейінгі жиырма жылда тіршілік нәрі адам басына шаққанда 30 пайызға төмендеген. Ал аймақ елдерінің 70 пайыз су қоры трансшекаралық өзендердің еншісінде екенін ескерсек, халықаралық дәрежеде шұғыл шешімдер қабылдау қажеттігі айқын көрінеді.

Дулат Нуркин