Ұлытауда зиянды қалдықтар бақылауға алынады

Ұлытау облысында жылына 500 тоннадан астам зиянды қалдық шығаратын кәсіпорындарға автоматты мониторинг жүйесі орнатылды.

Олардың қатарында Жезқазған мен Сәтбаевтағы жылу энергетика орталықтары, Жәйрем кен байыту фабрикасы және мыс қорыту зауыты бар. Себебі өндірістік аймақта ауа сапасына қатысты шағым көп. Автоматты жүйе шығарындылардың мөлшері туралы деректі экология департаментіне жолдап отырады. Экологтар әзірге зиянды заттардың мөлшері бекітілген нормативтен асқан жоқ деп отыр. Бұдан бөлек ауа сапасын жақсарту үшін арнайы жол картасы жасалған. Оның аясында 50-ге жуық іс-шара жүзеге асырылады. Жаңа экологиялық кодекске сай ластаушы мекемелер келер жылдан бастап біртіндеп жаңа технологияға көшеді. 

Адам Мамилов, экология департаментінің басшысы:

- Жалпы облыс бойынша ластаушы кәсіпорындар жылына 108 мың тонна зиянды қалдық бөледі. Біздің міндет осы көрсеткішті неғұрлым азайту. Жол картасы аясында ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Соның бірі 2027 жылға дейін мыс қорыту зауытына жаңадан күкіртқышқыл цехын салу. Егер жоспар жүзеге асса аталған кәсіпорыннан шығатын зиянды заттар көлемі екі есе азаяды.