Ұлытауда үй кезегінде тұрған 50 отбасы баспаналы болды

Ұлытау облысында үй кезегінде тұрған 50 отбасы қоныс тойын тойлады.

Баспаналы болғандардың қатарында көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Пәтер кілтін табыстау салтанатына «Отбасы банктің» Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты. Қуаныш иелерін құттықтап, келер жылдан бастап өңірде банктің қатысуымен арнайы тұрғын үй бағдарламасы басталатынын айтты.

Республика күні қарсаңында баспаналы болғандардың бірі Аягөз Малыбаева. Ерекше баланың анасы 18 жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп, өзгенің үйін жалдап келген. 3 бөлмелі жайлы баспанаға ие болған ол «енді бала тәрбиесімен алаңсыз айналысатын болдым» дейді.

Аягөз Малыбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Көп балалы анамын. Үшінші балам ерекше бала. Бүгін мен үшін ерекше күн. Бала-шағам да барлығы қуанып жатыр. Баспана беріп жатқандарыңызға көп-көп рақмет. Ана ретінде алғысым шексіз. 

Облыста «Отбасы банкпен» бірлескен өңірлік тұрғын үй бағдарламалары табысты жүзеге асып келеді. «Ұлытау жастары», «Сәтбаев жұмыскер» бағдарламалары бойынша үш жылда 150-ден астам отбасы баспаналы болды. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Келер жылдан бастап «Отбасы банк» пен облыс әкімдігі тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға жыл сайын 3 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат өңір тұрғындарына қолжетімді шарттармен несие беруге бағытталады.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:

- Келер жылы «Ұлытау баспана» деп аталатын өңірлік бағдарламаны бастаймыз. Ол бойынша несиелік және жалдамалы баспанадан бөлек зәулім-зәулім тұрғын үй кешендері салынатын болады. 3 млрд теңгенің 2,5 млрд-ын Отбасы банк, қалғанын облыс әкімдігі бөледі. 

Өңірде осыған дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 429 адам «Отбасы банктің» қолдауымен баспаналы болды. Бүгінде облыстың әрбір алтыншы тұрғыны пәтер сатып алу үшін осында ақша жинап жүр. Банк өкілдері жаңа тұрғын үй бағдарламасы көпшіліктің баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін айтады.

Авторлары Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Сондай-ақ оқыңыз: