Алматы облысындағы өзенді ластағандар жауапқа тартылды

Алматы облысындағы Тереңқара өзенінің аңғары қоқысқа толып, адам көргісіз күйге түскен.

Іле ауданының Ащыбұлақ ауылы тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтеріп,  құзырлы органдарға шағым түсірген. Мамандар тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тереңқара өзенінің жағалауында орналасқан бұл жер телімі екі мыңыншы жылдары жекеменшікке берілген. Одан кейінгі уақытта бірнеше рет сатылып, қолдан қолға өтті. Аумағы 8 гектар. Құжат бойынша мұнда өндірістік нысан салынуы тиіс еді. Алайда жер иесі өзен аңғарын ластап, адам көргісіз күйге түсірген.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Бұл жағдай өзінің әсем де сұлу табиғатымен жан біткенді баурап алатын Алатаудың баурайында емес, бейне бір Ганг өзенінің жағасында болып жатқандай әсерде қалдырады. Жер қожайынының өзен аңғарына дейінгі мынау үлкен сайды тұрмыстық қатты қалдықтармен толтырып, үстінен топырақпен тегістеп тастауға әрекет жасағаны көрініп тұр. 

Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарға өзен аңғары қоқыс төгетін полигонға айналып бара жатқанын айтып, бірнеше рет шағым түсірген.

Ксения Шипилова, Ардагер ауылының тұрғыны:

- Мен Тереңқара өзеннің жағасында орналасқан Ардагер ауылында тұрамын. Жаздың күні қоқысты өртеп жібереді. Көңірсіген иіс қазір де қолқаны қабады. Заңды белшеден басқан жер иесі мен осы маңдағы одан өзге де өндірістік нысан қожайындарын жауапкершілікке тартуды сұраймыз. 

Өңірлік экология департаменті мен Іле аудандық прокуратурасы бірнеше рет тексеріс жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. 

Бауыржан Төлендинов, Іле ауданының прокуроры:

- Аталған факті бойынша экологиялық талаптарды, заңнамасын бұзғаны үшін жер иесі ҚР әкімшілік кодексінің 336 және 340-баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни 160 АЕК айыппұл салынған. СКЛ Одан бөлек аудан прокуратурасы сотқа арыз жіберіп, осы жер иесі Тереңқара өзенінің аумағын және жер телімін қоқыстан босатуға міндеттелді.

Аян Әбдіқадыров, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Бұл мәселе бойынша біз 2024 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Сол кезден бері Алматы облыстық экология департаментіне және де Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына, прокуратураға және полиция басқармасына бірнеше хаттар жіберілген болатын. Тұрғындардың наразылығы мен өтініштерінің арқасында қазіргі таңда осы жерді тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр жер иесі. 

Жұмысшылар телеарнадан түсіру тобы келгенін басшыларына лезде хабарлап үлгерді. Өзін құрылыс компаниясының құрылтайшысымын деп таныстырған қызметкер жер телімін қоқыстан тазарту жұмыстарының 21 күн бұрын басталғанын айтты.

Максим Логинов, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:

- Мына жақта су суық қазір и көп суда жүре алмайды. Сол үшін постоянно адамдарды ауыстыру керек. Жартысы жылынады, жартысы жұмыс істейді. Одан бөлек бізде үш эксковатор жұмыс істеген. Қазір точно уақытты бітіретін айта алмаймын. 

Ащыбұлақ ауылының тұрғындары Тереңқара өзенінің жағалауынан салынып жатқан барлық өндірістік нысандарды тексеру керек дейді. Өйткені өзеннің тұрмыстық қалдықтармен ластануы толастамай тұр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов