Өңірдің 10 оң өзгерісі: Алматы облысы

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қолға алынған «Өңірдің 10 оң өзгерісі» айдары жалғасады. Бұл жолы Алматы облысында биыл жүзеге асқан жобалар мен оң өзгерістерді назарға алдық. Өңірде жол-көлік инфрақұрылымы жаңарып, жаңа өндіріс орындары ашылды. Сонымен қатар тұрғын үй, ауызсу, мәдениет және қауіпсіздік салаларында бірқатар маңызды жоба іске асты, деп хабарлайды «24KZ».

1. Жол жөнделіп, жаңа жанармай бекеті ашылды

Алматы облысында жол инфрақұрылымын дамытуға және жол бойындағы сервистің сапасын арттыруға бағытталған екі жоба пайдалануға берілді. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолының 74 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көлік қозғалысы ашылды. Сонымен қатар «Алматы – Кеген» тасжолы бойында «Compass Group» жанармай құю станциясы жұмысын бастады.

2. Құтқару және өрт сөндіру нысандары жаңартылды

Облыста тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетуге арналған екі нысан іске қосылды. Қонаев қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімі жаңғыртудан кейін қайта жұмыс істей бастады. Ал Іле ауданында елімізде баламасы жоқ жаңа құтқару станциясы ашылды.

3. Талғар ауданында 26 отбасы баспаналы болды

Талғар ауданында 26 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Тұрғын үйлер Қарасай ауданындағы Тұздыбастау ауылында салынған. Жаңа баспана әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға берілді.

4. Жармұхамбет ауылында жаңа су құбыры тартылды

Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылында ұзындығы 51 шақырым болатын жаңа су құбыры іске қосылды. Құны 1,4 млрд теңге болатын жоба нәтижесінде 1 200 абонент орталықтандырылған ауызсумен толық қамтамасыз етіледі. Қазір магистральдық және абоненттік желілерді тарту жұмыстары толығымен аяқталған.

5. Жібек жолы ауылында алғаш рет Мәдениет үйі ашылды

Жібек жолы ауылында тарихта алғаш рет Мәдениет үйі пайдалануға берілді. 200 көрерменге арналған жаңа нысанның ашылу салтанаты ұйымдастырылып, тұрғындарға концерттік бағдарлама ұсынылды. Мәдениет ошағы ауылдың қоғамдық және рухани өмірін жандандыруға мүмкіндік береді.

6. Саябақ аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды

5 қарашада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында саябақ аумағында тазалық және көгалдандыру шарасы өтті. Оған қатысушылар аумақты абаттандырып, жасыл желек отырғызуға атсалысты.

Саябақтың жалпы аумағы – 3 гектар. Оның 1 гектардан астам бөлігі абаттандырылған. Мұнда серуендеу жолдары төселіп, гүлзарлар, балалар және спорт алаңдары салынған. Сондай-ақ учаскелік полиция пункті қарастырылған.

Бұған дейін аумаққа көгілдір шырша, қарағай және жеміс ағаштары, 1 000 түп раушан гүлі мен 1 600 сәндік бұта отырғызылған.

7. Іле ауданында жылына 400 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды

Іле ауданындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылында «Бақыт» кәсіпорны іске қосылды. Кәсіпорын жылына 400 тонна балық өндіруге қауқарлы. Жобаға 500 млн теңге инвестиция салынған.

Шаруашылықта балық өсірумен қатар, балық шаруашылығына қажетті торлы қоршаулар мен қосалқы жабдықтар шығару жоспарланған. Бұл – Қазақстанда осындай жабдық өндіретін алғашқы кәсіпорын.

8. Талғар ауданында тағы 29 отбасы баспаналы болды

Талғар ауданында тағы 29 отбасыға жаңа пәтер берілді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар және асыраушысынан айырылған отбасылар бар.

9. Боралдайда сусын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Боралдай ауылында «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының алкогольсіз сусын өндіретін жаңа кәсіпорны ашылды. Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынған. Зауыт жылына 1 млрд литрге дейін сусын өндіруге қауқарлы. Мұнда жергілікті тұрғындарға арналған 230-ға жуық жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа жеткізіліп қана қоймай, ТМД елдеріне де экспортталады.

10. Еңбекшіқазақ ауданында ірі агрокешен жұмысын бастады

Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Еңбекшіқазақ ауданында астық және майлы дақылдарды қабылдау, тазалау, кептіру және сақтау қызметтерін көрсететін заманауи «QazEcoDan» агрокешені іске қосылды.

Кешен бір мезгілде 30 мың тоннаға дейін өнім сақтай алады. Кәсіпорында Германиядан жеткізілген технологиялық жабдықтар пайдаланылады. Ал астық сақтайтын силостар Испаниядан әкелінген. Заманауи технологиялар өнімді өңдеу тиімділігін арттырып, сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: