Әлемде ауа сапасы нашарлап барады
Экологиялық түйткіл әлемде де өткір тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының дерегі жаға ұстатарлық. Жыл сайын 4,5 миллион адам ауадағы ластаушы заттардың кесірінен жан тапсырады деген мәлімдеме жасалды. Сарапшылар бұған орман өрттерінен шыққан түтін басты себеп деп отыр. Биыл жағдай тіпті ушыға түсті. Еуропада бір миллион гектар жерді қызыл жалын шарпып, рекордтық өрт маусымы тіркелген.
Соңғы жылдары Еуропа ең ауқымды орман өрттерінің бірқатарын бастан өткерді. Бұл апат тек ормандардың жаппай жойылуына емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына да алып келеді. Жалыннан шыққан қою түтін мен улы бөлшектер ауа ағынымен көтеріліп, мыңдаған шақырым қашықтыққа дейін таралады. Олар атмосфераны ластап қана қоймай, ауыл шаруашылығына да үлкен қауіп төндіріп отыр.
Лоренцо Лабрадор, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғылыми қызметкері:
- Зерттеу нәтижелері Канада сынды қашық орналасқан өңірлердегі ірі өрттерден бөлінген ластаушы заттар Еуропаға дейін жеткенін көрсетті. Бұл – өрттің тікелей өзі емес, бірақ одан таралған улы бөлшектердің Атлант мұхитын кесіп өтіп, Еуропа құрлығына дейін жеткенін білдіреді.
Биылғы орман өрттерінің нәтижесінде кейінгі 20 жылда ең жоғары деңгейде көмірқышқыл газының ауаға таралуы тіркелді. Ал Қытай экологиялық мәселелерді шешуде белсенді шаралар қабылдап жатыр. Қалаларда жаңа саябақтар ашылып, ағаштар көптеп отырғызылады. Ал көліктердің бір бөлігі электр қуатына ауысқан.
Паоло Ладж, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы ғаламдық атмосфера бөлімінің жетекшісі:
- Мемлекеттер, аймақтар мен қалалардың қабылдаған әртүрлі шаралары нақты нәтижелер беріп отырғанын байқауға болады. Жиналған мәліметтер ауа сапасының айтарлықтай жақсарғанын дәлелдейді.
Мамандар климаттың өзгеруі мен ауа сапасын екі бөлек қарастыру мүмкін емес екенін ескертеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым үкіметтерді қалыптасқан дағдарысты мойындап, ғалымдар мен халықаралық қауымдастықпен бірлесе отырып, бұл мәселеге жедел назар аударуға шақырады. Әсіресе адам денсаулығын қорғау мақсатында ластаушы заттарды бақылауға ерекше мән беруді ұсынады.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Айжан Оспан