Түркістан облысында күзгі ағаш егу науқаны жүріп жатыр

Түркістан облысы Абай ауылының тұрғындары күзгі ағаш егу жұмысына қызу кірісті, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекенде «Тегін көшет ал да, өз ағашыңды ек» акциясы өтті. Шараға кәсіпкерлер мен ардагерлер, жергілікті әкімдік өкілдері, тазалық мекемесінің жұмысшылары қатысты. Көпшілік тұқымбақтан жеткізілген талдарды егіп, ауылды абаттандыруға атсалысты.

Аудан бойынша күз айларында 25 мыңнан астам ағаш егу жоспарланып отыр. Игі бастама аясында жастар «Таза табиғат, таза болашақ» атты флешмоб өткізді.

Ілесбек Нұртаев, аудан тұрғыны:

- Абай ауылының тұрғындарын осы акцияға қатысуға шақырамын. Тегін ағашымызды алайық та, көшемізді, ауламызды көріктендірейік.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі:

- Мұндай шаралар – туған жерге сүйіспеншілігінің нақты көрінісі. Әрбір отырғызылған ағаш болашақ ұрпаққа жасалған сый. Экологиялық тепе-теңдіктің кепілі. Әр азамат өз ауласын, өз көшесін көгалдандыру арқылы Келестің көркін арттыруға өз үлесін қосса, үлкен жетістігіміз болады.