Алматыда көліктер ауаны ластап жатыр
Алматыда көліктердің 18 проценті экологиялық нормаға сай келмейді. Олар - Еуро-0 санатындағы автомобильдер. Ауаны айтарлықтай ластайтын да осындай ескі техникалар. Мегаполистің ахуалына алаңдаған Экология және қоршаған орта басқармасы мен экобелсенділер кезекті рет рейд ұйымдастырып, автокөліктер мен автобустарды тексерді.
Атмосфераға тарайтын зиянды шығарындылардың 60 проценті автокөліктерге тиесілі. Бұл Алматыдағы ауа сапасына жүргізілетін тұрақты мониторингтің нәтижесі. Жоспарға сәйкес мамандар коммуналдық автобустар мен жүк және жеңіл көліктерді тексерді. Жылжымалы зертхана шығарындының көлемі мен сапасын лезде анықтап берді.
Айдана Қасен, Eco Almaty серіктестігінің департамент басшысы:
- Қаладағы атмосфералық ауаның ахуалы өте қиын болып тұр. 2024 жылы бекітілген жиынтық есебі бойынша қаладағы барлық зиянды шығарындылардың 60 проценті ол яғни 112 мың тонна автокөліктерге тиесілі. Дизельді автокөліктердегі түтіндік нормасын және бензинді автокөліктердің немесе газды автокөліктердің шығарындыларының нормасын тексеріп жатырмыз.
Бүгінде Алматыда 640 мың автокөлік тіркелген. Күн сайын 400 мыңға жуық машина жақын аймақтардан қалаға келеді. Экологтардың мәліметінше, көліктердің 18 проценті мүлде экологиялық талаптарға сай емес. Еуро-0 санатына жататын бұл көліктердің шығарындылары табиғат үшін өте қауіпті. Сонымен қатар қоғамдық көлікке қатысты да мәселе бар.
Мәди Төлепбеков, автобус паркі бас директорының орынбасары:
- Былты біздің «АлматыЭлектротранс» кәсіпорнында катализаторлар ұрланған жағдайлар болды. 922 автобустан 274 катализатор ұрланған. Қазіргі таңда олар жолаушы тасымалдау желісінен алынды.
Қолданыстағы автобустардың қатарында шығарынды жүйесінде ақауы барлар кездеседі. Газбен жүретін болғандықтан олардан қоршаған ортаға келетін зиян аз. Десек те бұл катализатормен жабдықтау талабын жоймайды. Мәди Төлепбековтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Евгений Мұхамеджанов, экобелсенді:
- Қазір стандарттарды өзгерту өте маңызды. Көліктерді тоқтатып тексергенде кейбір автокөліктердің көрсеткіштер бойынша нормадан асқаны байқалды. Алайда оларды жазалайтын заң нормалары жоқ. Сондықтан бүгінде мәслихаттың, қоғамның, түрлі бірлестіктердің жан-жақты қолдауы өте маңызды – бәріміз бірігіп осы стандарттарды өзгертуіміз керек.
Жыл басынан бері көліктердің зиянды шығарындыларын анықтау бойынша жүргізілген рейд нәтижесінде 20 мың әкімшілік хаттама тіркеліп, 653 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. «Бақылау бар, алайда стандарттарды әрі қарай жетілдіргенде ғана ауаның ластануын азайта аламыз», - дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев